Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ДӘУЛЕТ – «ЖІГІТ СҰЛТАНЫ»

Сағыз ауылындағы "Шұғыла" мәдениет үйінде әр салада еңбек етіп жүрген мамандар арасында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толуына орай "Ауғанның асуында от кешкендер" атты мекемеаралық "Жігіт сұлтаны" сайысы болып өтті.

Сайыс таныстыру, өнер, білек күші, Абай өлеңдерін жатқа айту бөлімдерінен тұрды. Қазылар алқасы болып Сағыз ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төрәлі Бектұрлы, Сағыз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бекмұрат Қолқабаев, "Жігіт сұлтаны-2018" сайысының бас жүлде иегері Айтқали Байтүгелдер тағайындалды. Алғашқы бөлім бойынша өзін-өзі таныстыруда білім алған жылдарын, еңбек еткен жолдарын, отбасылық өмірін жан-жақты қамтыған №9 орта мектебінен сайысқа түскен Дәулет Нұр мен Сағыз орта мектебінің атынан шыққан Дәлубай Сисенбаевтың лед экранды пайдаланғаны өте әсерлі шықты. "Еңбек ердің санаты, білім ердің қанаты" дегендей, ақылды да парасатты, білімді де өнерлі, қайратты да білекті сайыпқырандар бұл сайысқа сақадай-сай дайындалып келгендері байқалды. Додаға түскен жеті сері жігіттер "күш-атасын танымас" дегендей, 16 келі кір тасын көтеруден де алдарына жан салмады. Осындайда "Күш өнері білінбес, бәйгеге түсіп жарыспай" деген өлең жолдары еске түскендей.

Осы шарттың дұрыс орындалуына жаттықтырушы Сәлімгерей Нұрболғанов төрелік етті. Өз кезегінде "Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырып ер данасы..." деп ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Абайдың бір өлеңін жатқа айтуда да сайыскерлер бірінен-бірі кем түспеді. Нәтижесінде, Дәулет Нұр (№9 орта мектебінен) "Жігіт сұлтаны-2020" атағын иемденсе, Досжан Аманкелді (Сағыз жастар тобы), - «Шешен жігіт», Дәурен Кәдірбек (Кенбай орта мектебі) - «Сері жігіт», Дәлубай Сисенбаев (Сағыз орта мектебі) - «Білімді жігіт», Жомарт Жәмиев (Спорт кешені) - «Білекті жігіт», Нұрсұлтан Назарғали (Сағыз бөлімшелік емханасы) - «Өнерлі жігіт», Өмірсерік Табынбайұлы (Еріктілер тобы)- «Көрермен көзайымы» атақтарына ие болды. Құттықтау сөз сөйлеген Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов сайыскерлерді жүлделі орындарымен құттықтап, арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырды. Сөйтіп, өте қызықты тартымды өткен сайыста жігіттер өздерінің серілігін, білімділігін, шешендігін тағы бір дәлелдей түсті. Ауған сарбаздарының құрметіне өткізілген бұл сайыс көрермендер көңілінен шықты.

Сайран ОРАҚОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521