Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиевтің өкімімен аудан тұрғындарына індеттің қауіптілігін, соған орай жарияланған карантиндік шектеулерді аудан халқына түсіндіру мақсатында екі мобильді топ құрылып, елді мекендерді аралады.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиевтің жетекшілігімен құрамында аудандық полиция бөлімі, БАҚ өкілдері, округ мамандары бар мобильді топтың бірі жақында Сағыз ауылындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізді.
«Аяла» базары алдында көкөністер мен бақша дақылдарын сатып тұрған жүк машиналарының қасына шоғырланған ауыл тұрғындары мен кәсіпкерге ескерту жасалды. Бұдан әрі базарда тұрған кәсіпкерлер мен жеке дүкен иелеріне карантиндік шектеулердің маңызын түсіндіре отырып, бұл талапты бұзған жағдайда айыппұл салынатыны қаперге берілді.
Айта кетсек, бекітілген санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзған жеке тұлғаларға 83 мың, заңды тұлғаларға 600 мың теңгеден астам айыппұл салынатыны белгіленіп отыр.
Кәсіпкер Жібек Жолбаева:
– Алғашқы кезде бұл індеттің барына ешкім де сенген жоқ. Тіпті, өзім де аса мән бермедім. Дүкенге келген тұтынушыларды ағайыншылыққа, таныстыққа салынып медициналық бетпердесіз кіргізіп жүрдік. Уақыт өте коронавирусқа шалдыққандар ауданымызда да көбейе бастаған соң сақтық шараларын шындап қолға алдық. Қазір медициналық бетпердесіз, қолғапсыз келген адамдарды кері қайтарамыз. Өйткені, денсаулық өзіме керек. Қала берді үйдегі бала-шағаның да өмірі қымбат. Әйтсе де бастарына түспегесін әлі де сене қоймайтындар бар, - дейді.
Айтса айтқандай көшеде бетпердесіз қол арбаны итеріп бара жатқан бір қарияны кездестірдік.
Оны тоқтатып:
«Ақсақал, мынадай қиын уақытта үйде отырмайсыз ба? Бетпердесіз көшеде не істеп жүрсіз?» деген сауалымызға ол, «Бетпердем бар, үйде қалды. Базарда шаруам болып шыға қойып едім. Барып келгенше ештеңе бола қоймас» деп жауап берді.
Жасы жетпістен асқан қарт кісінің өз денсаулығы мен жақындарының денсаулығына немқұрайлы қарауы әлі де түсінік жұмыстарының кемшін тартуынан болар деп түсіндік.
Б.ОҚАС
Сурет: ашық дереккөзден