Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САН ҚЫРЛЫ САЙПОЛ АҒА

Аудандағы ауыл шаруашылық қызметкерлерінің ардақтысы Сайпол Мұқанұлының игі істері, ел экономикасын дамытуға қосқан өлшеусіз еңбегі, адамгершілік қасиеттері, өнегелі өмір сүру қағидалары соңынан ерген біз сияқты інілеріне әрқашан үлгі тұтар бейне болып қалғаны ақиқат.

Мен Сәкеңмен 1985 жылы аудандық партия комитетінің ауыл шаруашылық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалғаннан кейін қоян-қолтық араласып (Сәкең К.Д. аудандық атқару комтетінің орынбасары,ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы), еңбек еттік. Оның өз ісінің майталман шеберлігі, ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы мен үшін мол тәжірибе болды. Сол шақта, ауыл шаруашылығының жетістіктері облыс бойынша алдыңғы қатарда болды.

1986 жылы Сәкең «Гурьев» асыл тұқымды қой зауытына, мен 1987 жылы көрші Ленин атындағы совхозға директор болып тағайындалдым. Аға-інілі болып араласуымыз жақындай түсті, бір бірімізден көмегімізді аямадық. Осы жылы екі шаруашылықта да жер куаңшылыққа ұшырап, мал азығын дайындау үшін Алматы облысына баруға тура келді. Менің жауапты қызметке алғаш тағайындалған кезім, жүрексінгенім рас. Сәкең екеуміз Ауыл шаруашылық министірлігінде болып, шөп Талғар ауданының шаруашылықтарынан берілетін болды.

Естуімше, ол ауданның атқару комитетінің төрағасы Мұқанов Бақтығали Сәкеңнің туған інісі екен. Ішімнен «Сәкеңе ыңғайлы темір жолға жақын шаруашылық бөлінетін болды-ау, маған қиын болар ма екен?» деген ойлап қойдым. Бірақ, ол ойым бекер қобалжу екендігін кейін түсіндім.

Аудандық кеңесте болған кезде Сәкең мені Бақтығалиға таныстырып, «Көрші шаруашылықтың басшысына жақында тағайындалды, бірден айтып қояйын, екеумізге бірдей жағдайда шешім шығар, мені туған ағам екен деп бұра тартып жүрме, ағайыннан көрші жақын деген бар» деді. Риза болып көңілім орнына түсті. Бұл көрегенділік бойына сіңген кісілік қасиеті еді. Екі-үш күн Бақтығалидың үйінде болып, Сайпол ағамен бірге шаруамызды ұйымдастырып, елге оралдық.

Сол жылы Сәкеңдер 3000 тонна, біздің шаруашылық 5000 тонна шөп алып, қыстан малды аман-есен алып шығардық. Бұдан кейін ағамен сыйластығымыз өмір бойы жалғасын тапты. Аудандық партия комитетінде, кейін әкімшілік жиналыстарында, отырыс, жиын тойларда, қонақтықта талай кездесулер болды. Сәкең отырған жерде өмірде кездесетін тұшымды әңгімелер, естеліктер, орынды әзілдер айтылып мәз-мейрам болып қаламыз. Оған менің құрдасым Оңғар қосылғанда ішек-сілеміз құрып бір жасап қалатын едік. Әсіресе құрдасы Төкеңмен (Төлеп Мусаұлы) әзілдерін естігенде бір жасап қаламыз, басымдылық көбіне Сәкең жағында болады.

Сәкеңнің тағы бір ұтымды қасиеті - жиын, мәжілістерде шаруашылық басшыларына сын айтылып, кемшіліктер айтылғанда жауап бере алмай қиналып жатқанда, тапқырлық танытып оп-оңай дәлел таба қояды, бәріміз мәз боламыз. Бірде, Мөлтек ықшам (қазіргі Е.Нұршаев атындағы ықшам аудан) ауданына үй салып жатқан 8 совхоздың басшыларынан әкімдік есеп алды. Әр қайсысымыз өзімізше жауап бердік. Кезек Сәкеңе келді, үйлерінің құрылысы әлі басталмаған еді, аға сөз естіп қаларма екен деп мен қылпылдап отырмын, себебін білмеймін ғой. Сәкең саспастан: «Өте дұрыс айтасыз басақалар үйдің қабырғасын тұрғызып жатыр, себебі құрылыс материалдары облыстан бөлінген мекемелер уақытында әкелді. Ал бізде барлық материалдар бар, тек іргетасын құятын цемент келген жоқ, құрылысшылар бос жатыр. Егер төбеден бастағанда бізде жарын тұрғызып қоятын едік» деді.

Әңгіменің төркіні цемент әкелетін мекемеге ауысып кетті. Тағы бірде жүргізушісімен Атырауға жолға шыққан, жол бойы тамағына салқын тиіп, арасында есік ашып сыртқа түкіреді. Машинаның дөңгелегі жарылады, жүргізуші ауыстырып ілгері жүреді. Әрі беріден кейін Сәкең есік ашып тағы түкіреді. Жүргізушісі «Дөңгелек жарылды» деп Сәкеңе қарайды. Сонда Сәкең: «Әй, оңбаған мен не шеге түкіріп келе жатыр дейсің бе? Неге олай қарайсың?» депті. Жүргізуші өз кінәсін түсініп түсіп кетіпті. Сайып келгенде, сан қырлы қасиетке ие Сайпол ағаның азаматтық болмысы, өрісті өнегесі бүгінгі және кейінгі ұрпаққа ғибрат болып қалатыны ақиқат. Ағаның жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.

Қош аяулы аға, жаныңыз жәннатта болсын!

Құлмағанбет ҚОДАНОВ,

ауданның құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT