Елімізде тұтас бір сала – ара шаруашылығына қауіп төніп тұр. Қолданыстағы заң бұл саланы ауыл шаруашылығының дербес бағыты ретінде мойындағанмен, Шығыс Қазақстан облысындағы омарташылар жер телімінен айырылып қалуы мүмкін.
Әдетте омарталар егін алқаптары немесе жайылымдар өлшемі бойынша бағаланады. Ара шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер жер жыртпағаны немесе мал жаймағаны үшін олардың жерлері «пайдаланылмай отыр» деп танылады екен. Ұлттық палата өкілдері түсіндіргендей, заң бойынша ауыл шаруашылығына арналған жер үш мақсаттың біреуіне қатысты берілуі мүмкін: ауылшаруашылық өндірісі, шаруа немесе фермерлік қожалық жүргізу.
«Ара шаруашылығы туралы» заңға сәйкес, бұл сала – ауыл шаруашылығының дербес түрі, оның негізгі мақсаты – ара өнімдерін өндіру. Сондықтан омарташылар жерді «ауылшаруашылық өндірісі үшін» деген мақсатпен алып, оны тікелей мақсатта – бал өндіру үшін пайдаланып келеді. Алайда Шығыс Қазақстан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті мұнымен келіспейді. Олар Жер кодексінің 92-бабына сүйене отырып, омарташыларды жерді пайдаланбады деп айыптайды. Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі де жергілікті органның ұстанымын қолдап отыр. Олардың пайымынша, ара шаруашылығы тек ауыл шаруашылығы өндірісінің қосалқы қызметі ретінде ғана есептеледі. Осыған байланысты, омарта орнатылған жердің мақсатқа сай пайдаланылуы үшін белгілі бір талаптар орындалуға тиіс деп санайды.
«Мен бал өндіріп, алқаптарды тозаңдандырамын, осылайша ара шаруашылығын дамытып жатырмын. Бірақ Жер ресурстарын басқару департаментінің пікірінше, мен – жалқаумын. Омарташыларды жер жыртып, мал бағуға мәжбүрлеу – наубайшыға бидай өсіріп, сиыр сауу керек деумен бірдей. Мұның қандай қисыны бар?», деп ашынады шығысқазақстандық омарташылар.
Ұлттық палата өкілдерінің айтуынша, заңды осылайша бюрократиялық тұрғыда талдау ондаған жыл бойы бал өндіріп, ауыл шаруашылығы дақылдарын тозаңдандыратын әрі экологиялық тепе-теңдікті сақтауға үлес қосып отырған шаруашылықтардың күйреуіне алып келуі мүмкін.
«Ара шаруашылығы – қосалқы қызмет емес, бұл экология мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін маңызды сала. Уәкілетті органның нысандарды мемлекет меншігіне қайтару сылтауымен жасалып отырған бұл әрекеті жұмыс істеп тұрған шаруашылықтарды жоюы мүмкін», деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Назира Үсенова.
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында егер жер пайдаланушы адал еңбек етіп, іске инвестиция салған болса, оның жұмыс істеп тұрған өндірісін тоқтатуға болмайтынын атап өткен еді. Бұл жағдайда уәкілетті органның әрекеті Президент саясатына тікелей қайшы келіп отыр деп мәлімдейді «Атамекен» палатасы. Бұл ретте олар «жерді «ара шаруашылығын жүргізу үшін» деп бөлу керек немесе омарталар орналасқан жерлерді пайдалану критерийлерін нақтылап жазу қажет» деген талап қояды.