Жақында қазақ халқының Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай Сағыз ауылындағы мектеп оқушылары мен жастарының арасында онлайн түрде жазба ақындар мен көркемсөз оқу шеберлерінің «Абай – дара тұлға» атты жыр кеші ұйымдастырылды.
Кешті «Шұғыла» мәдениет үйінің әншісі Сағыныш Шамұратова жүргізіп отырды. Жыр кешінде қазағымның дара тұлғасына Іңкәр Қайратқызы, Робия Исламбекқызы, Ақтілек Кәдірғалилар жүрекжарды өз шығармаларын арнаса, келесі кезекте Ақбаян Алпысбай «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», Индира Зейнолла «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», Медина Төлеген «Заман ақыр жастары», Бекарыс Зәкария «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты А.Құнанбаевтың поэзия әлеміндегі қоржынынан өлеңдерін кезек-кезек жарыса оқыды.
Ақын жырларын оқыған сәтте жастарымыздың көздерінде от, жүректерінде ұлы ақынның өлеңдеріне деген риясыз махаббат нұры айналасына шуағын шашып тұрды.
Сайран БОРАНҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөзден