Сағыз ауылдық округіндегі «Абдолла Хазірет» мешіті жанындағы «Иман жастары» еріктілер тобы осыдан екі ай бұрын «Қайырымдылық – қадірлі іс» атты қайырымдылық эстафета бастаған болатын.
Эстафета барысында ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлар таратып, ауыл халқының алғысына бөленді.
Қайырымдылық эстафетасын одан әрі ауылдың 1997 жылы туған ауыл жастары жалғастырып, олар 1990 жылы туған ағаларына жолдады.
Осылайша, ауыл жастары бастаған игі істі әрі қарай 1989, 1988, 1987, 1986, 1985, 1984 жылы туған ауыл азаматтары жалғастырып, әр аптада 20-30 отбасыға азық-түлік таратып келді.
Сондай-ақ, эстафета барысында ауыл азаматтары тек қана азық-түлік таратып қана қоймай «Болашақ» дүкеніндегі қайырымдылық сөресіне де мұқтаж жандар үшін азық-түлік пен нан өнімдерін қойып отыр.
Бұл эстафетаның тағы бір ерекшелігі – бұрындары «Орталық», №3 ауыл, «Совхоз» болып үш жаққа бөлініп, бір ауылға сыймай төбелесіп жүретін жастардың қайырымдылық дегенде бастары қосылып, кейінгі өсіп келе жатқан буынға үлгі көрсетуі.
Қайырымдылық эстафетасын келесі жұмада ауылдың 1983 жылы туған азаматтар жалғастыратын болады.
Өз тілшіміз