Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Өрістегі малға шауып, қорадағы тауықты жейді

Біздің жерімізде иттің бірнеше түрі бар. Олар: үй күзететін, мал қарайтын, аңшылық бағыттағы иттер.

Алайда, халқымыз «Жеті қазынаның бірі» деп санаған иттің қазіргі кезде адамға жасап жатқан қызмет аясы тарылып, оларды «ас ішіп, аяқ босату» үшін ғана асыраудамыз. Алыс жайылымдарда қой, сиыр малдарын бағудың азаюына байланысты бұрынғы сырттандар мен алыпсоқтардың, марғаулардың тұқымдары құрып, олардың орнын дүрегейлер мен қандендер басты.

Қоянды шалмай алатын құмайлар таусылып, олардың орнына тазы тұқымдас қайыңдар мен орыстың «борзойлары» келді. Қалада итті күзет үшін асырайды, ал ауылдық жерде мұның айтарлықтай мәні жоқ. Сондықтан, ауылдық жерде ит асыраудың қажеті жоқ. Ал, асырасаң үйіңнің шарбағыңның ішіне байлап ұста, көшеге сенделтіп қойма. Көшеде жүрген ит бұралқы болып есептеледі де, жойылуға жатады.

Ит тумысынан қасқыр тұқымдас болғандықтан етпен қоректенуі заңды құбылыс. Ит алғаш рет немен ауызданса сонымен кетеді. Яғни, тауықпен ауызданса тауық жейді, қоймен ауызданса қой-қозы жейді. Сондықтан ит ұстаған азаматтарға айтарым: асыраған итің «үйіне» толғаннан кейін далаға шығарып құс аулап құсқа сал, қоян аулап аңға сал немесе мал баққызып үйрет. Әйтпесе ол «иттігін» жасап, малға, адамға шабады, жас балаларды талайды. «Водстрой» ауылында сиырға, қойға шабатын иттер бар. Жақында ғана «Зертхана» ауылының бағымдағы қойына шауып, бір лақты өлімші етіп жаралады.

Қайта бақташысы жетіп үлгеріп, арашалап алып қалды. «Автобаза» ауылында бұзауға, өрістегі құлынға шабатын екі ит бар. Биылдың өзінде екі бұзау, бір құлынды талап тастады. Бұл иттер негізінен өз үйлерінің сиырларына ілесіп шығады да өрісте оларға жақындаған малдарға шабуыл жасайды.

2014-2015 жылдары ауылда қаңғыбас иттер көбейіп кетіп көшедегі әйел адамдарға, балаларға шауып мазаны алды. Тіпті, қораның астын қызып кіріп қойды, тауықты қырды. Осындай дәніккен бұралқы иттер де менің ауламның астын қазып кіріп, екі түнде 21 бас қойымды арам өлтірді. Басқа да үйлердің аула-қораларына түсіп малдарын талап өлтірді. Ақыры өрістегі малға шауып, қорадағы қойды қырып, маза бермеген соң оларды аңшы мылтығымен атып өлтіруге тура келді. Бірақ, қазіргі заң бойынша итті бұрынғыдай аңшы мылтығымен атуға болмайды.

Оларды тек қана ветеринария мамандары пневматикалық мылтықпен атып жоя алады. Олардың дәріленген оғы көп алысқа ұшпайды да, кейде атқан оқтары итке дарымай жатады. Ал, әккі иттер «мені ат» деп қасыңа келіп тұрмайды. Қалай дегенде де көшеде, далада қаңғып жүрген бұралқы ит-мысықтар міндетті түрде жойылуы керек деп есептеймін.

Орынғали САЛЫҚОВ,

Миялы ауылының тұрғыны

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT