Елімізде жол жабындысының беріктігін, тегістігін, геометриялық жағдайын тексеру, ілінісу коэффициенті мен көлік қарқындылығын және жолдағы сызаттарды анықтау үшін диагностика жасалады. «Жол активтері сапасы ұлттық орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері Атырау облысы аумағындағы республикалық маңызға ие, күтіп ұстау және кепілдік мерзіміндегі тас жолдарда аталған бақылау жұмыстарын жүргізді.
Филиал инженері Мерей Телеуғалиевтің айтуынша, жыл басынан бері кепілдік мерзімі бойынша 130 шақырым, ал күтіп ұстау бойынша 266 шақырым жол диагностикадан өткен.
«А-27 – «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы /Астрахань бағыты/» тас жолының 458-468 және 833-853, 892-893 шақырымы, А-33 – Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Жетібай-Ақтау порты» жолының 126-171 шақырымы, А-28 «Атырау-Орал» жолының 5-189 шақырымы аралығындағы жолдың жай-күйі анықталды. Диагностика бойынша ақпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автокөлік жолдары комитетіне жіберіледі», дейді М.Телеуғалиев.
Диагностикадан өткен жолдың бірі ұзындығы 136 шақырым «Мұқыр-Құлсары» республикалық жолы. Жолдың қазіргі жағдайы туралы комитетке ұсыныс берілген. Егер аталған жол қайта жаңғыртылса, Ақтаудан шыққан автокөлік жүргізушілері Ақтөбе облысына тіке шығып, жолдың ұзақтығын 108 шақырымға қысқартады екен.