Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Рейд кезінде бірқатар кемшіліктер анықталды

Әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясының екінші толқыны күрделі болмақ.

Бұл туралы коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде дүйсенбі күні өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: – Пандемияның екінші толқыны көптеген белгілері бойынша өзгеше болмақ және ел экономикасы үшін күрделі кезеңде өтпек. Бүгінде бүкіл әлем «ковид теңдеуі» деп аталатын күрделі мәселені шешудің алдында тұр. Мұндай жағдайда тұтас бір саланың жойылып кетуі ғана емес, оның кейін білінетін салдары да оңай тимейді. Жұмыссыздық өршіп, білім беру ісіндегі олқылықтардың кесірі түрлі теріс пиғылдардың асқынуына, оның ішінде, қылмыстың өршуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан қазіргі міндет – көктемдегідей жаппай карантинге жеткізбей, пандемияны ауыздықтау, – деді.

Қауіпті індеттің қайта өршуіне байланысты ауданымызда сақтық күшейтілді. Күнделікті бетпердемен жүру, әлеуметтік арақашықтықты сақтау тұрғындарға міндеттелді. Аудан әкімінің өкімімен құрылған мобильді топтар аудан аумағында рейдтер ұйымдастырып, жергілікті тұрғындарға сақтық шараларын түсіндіруде. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, 13 мобильді топ құрылғаннан бері 227 рет рейдке шығып, 621 нысанды тексерген. Тексеру барысында Миялы, Сағыз, Мұқыр ауылдарындағы сауда қатарларында, қоғамдық тамақтандыру орындарында, шайханаларда бетпердесіз жұмыс жасаған сатушылар кездескен. Шаштараздарда келушілерді қабылдауда ара қашықтық сақталмай, кейбір азық-түлік, тұрмыстық бұйымдар дүкендері залалсыздандыру кілемшелерімен қамтамасыз етілмеген. Кәсіпкерлік нысандардың кейбірінде бетперде тақпай келген адамдар кездескен.

Бұл ретте, кәсіпкелерге, сатушылар мен тұтынушыларға облыстық бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №68 «Атырау облысы тұрғындары арасында коронавирустық инфекциясы індетінің алдын алуға қатысты шаралар туралы» қаулысы түсіндірілді. Аталмыш кеңесте дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталған Мемлекет басшысы: «Менің тапсырмам бойынша ПТР сынамалары мен медициналық бетперделердің бағасы төмендетілді. Осындай жұмыстарды медициналық дәрі-дәрмектерге, ең алдымен, коронавирусқа қарсы медикаменттерге қатысты жүргізу қажет» деген еді. Бұл бағытта «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы Миялы ауылындағы дәріханаларды аралап, дәрі-дәрмек бағасына мониторинг жүргізді. Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Айбар Алтыбаевтың айтуынша, аудан орталығындағы дәріханаларда өткен аймен салыстырғанда пневмония мен коронавирус инфекциясын емдеуге қажетті дәрі-дәрмектердің түрлері көбейген және бағасы да бекітілген шекті бағадан асып тұрмағаны анықталды. Медициналық бетперделер мен қолғаптар да жеткілікті. Қазіргі кезде дәріханаға келушілер саны да азайған. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметі бойынша, ауданда жыл басынан бері СOVID-19 инфекциясын жұқтырған 438 адамның біреуі емделіп жатса, 433-і сауығып шықты. Төрт адам пандемия құрбаны болды.

Ендеше, адам өмірін қиятын қауіпті індет өзіңіз бен жақындарыңыздың бойынан табылмасын десеңіз, дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, карантиндік талаптарды сақтауға дағдыланғандарыңыз жөн.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521