ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ресейлік сарапшылардың пікіріне қатысты өз ойын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сұхбат барысында Ресейдегі бірқатар сарапшылар елімізде болған оқиғаға қатысты «Төңкерісшілердің мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстаннан қуып шығу немесе тұтқынға алу» деген болжам жасады. Сол рас па? Бірақ Сіз олардың жоспарын жоққа шығардыңыз. Осыған байланысты Өзіңіз қандай нақты түсініктеме берер едіңіз? деген сауал қойылды.
«Бәлкім, бұл Ресейдің барлау қызметінің көзқарасы шығар. Бұл рас та болуы мүмкін. Олар біздің еліміздегі оқиғаларды мұқият бақылап отырады ғой. Қалай десек те, арнайы жасақталған қарулы бандалар билікті басып алғысы келді. Сондықтан, шетелдік сарапшылар айтқан пікірдің жаны бар деп ойлаймын. Дегенмен, барлығына байыппен қарап, салмақты баға беру қажет. «Сабыр түбі – сары алтын» деп халқымыз бекер айтпаған. Бізге керегі – асығыс шешім шығарып, істі жауып тастау емес, міндетті түрде ақиқатқа көз жеткізу. Бұл – менің алдыма қойған мақсатым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.