Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Бұл туралы «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасындағы сұхбаты кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сұхбат барысында тілші болып жатқан кадрлық өзгерістер жайында сұрады.
«Бірақ әкімдердің басым көпшілігі әлі орнында отыр. Олардың жағдайы қалай болмақ? Алдағы уақытта облыс әкімдері сайлана ма?» деп сұрақ қойды тілшісі. Осы орайда Президент тиісті өзгерістер болатынын атап өтті. «Жалпы айтқанда, кадрлық ауыс-түйіс – үздіксіз жалғаса беретін үдеріс. Лауазым мәңгілік дүние емес. Жұмыстың жаңа талабына икемделе алмаған адамдар қызметтен кетуге мәжбүр болады. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Әкімнің бәрін ауыстыру менің негізгі мақсатым емес. Әкімдердің жұмысына жан-жақты талдау жасалады. Негізгі талап – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан қажеттілік болса, тиісті кадрлық шешімдерді қабылдаймын. Міндетті түрде өзгерістер болады», – деді Мемлекет басшысы.
«Мен 2020 жылы халыққа Жолдауымда алғаш рет ауыл әкімдерін сайлау туралы айттым. Көп ұзамай ауыл әкімдерін сайладық. Былтырғы Жолдауымда «Келесі қадам – аудан әкімдерінің сайлауы» деп айттым. Оны 2024 жылы өткіземіз. Бәлкім, пилоттық жоба ретінде келесі жылдан бастасақ, орынды болар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жаңа әкімі Ерболат Досаев тағайындауға қатысты түсінік берді.
«Ондай ойым жоқ. Алматы – еліміздегі ең ірі, ерекше шаһар. Қаланың ахуалы, тұрғындардың әл-ауқаты менің жеке назарымда. Қаңтар оқиғасы кезінде қаланың экономикасы зардап шекті. Азаматтардың және бизнес иелерінің дүние-мүлкі тоналды. Көптеген нысан өртелді, қиратылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы, қираған қаланы қалпына келтіру керек оңай шаруа емес екенін айтты.
«Сондықтан осындай жауапты жұмыс жаңа әкім Ерболат Досаевқа жүктелді, қолынан келеді деп үміттенемін. Себебі оның бизнес саласында, мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Іскер, еңбекқор адам. Жұмыс істеуіне мүмкіндік берген жөн деп ойлаймын», – дейді ол.