Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Пулеметімен алпыстан аса жауды жойған

Талайлардың тағдырын талқан еткен қанқұйлы соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Оның оты өшкенімен, Ұлы Жеңісті жақындатқан ерлердің есімдері мәңгілікке ұмытылмайды. Тек солар ғана Еуропаны түгел жаулаған, жеңілуді білмеген, басқаларға бас бермеген  қалың жауды тоқтата алды. 1418 күнге созылған майдан даласында мыңдаған боздақтар ерлікпен қаза тапты. Қаншама отбасы қара жамылды. Ауыр жараланып, елге келгеннен соң өмірден өткендері де аз емес. Әкеміз, Гурьев облысы, Теңіз ауданында 1907 жылы туған, ел басына күн туғанда майданға аттанған  Бердиев Исхақ Оразғалиұлы сондай азаматтардың бірі. 

Қолымыздағы әкеміздің латын әріптерімен жазылған, уақыт сынынан өтіп, сарғыш тартқан, 1939 жылы 28 қаңтарда  берілген еңбек кітапшасының алғашқы бетінде бұған дейін төрт жылдық еңбек өтілі бар екендігі жазылған. Соғысқа дейін, 1938 жылы «Каззагот-пущинины» мекемесінің Гурье қалалық дайындау пунктінде меңгеруші болып жұмыс жасаған. 1939 жылы 10 шілдеде Гурьев қалалық сауда бөлімінде инспектор, аға инспектор, кадр бөлімінің меңгерушісі, 1941 жылы 16 мамырда «Первомай» сүт зауытының директоры болып еңбек еткен. Ұжымшар басқармасы да болған. Қай жұмысты да абыроймен атқарып, халық арасында үлкен бедел иеленіп, құрметке бөленген. 1942 жылы 14 тамызда әскер қатарына шақырылған. Майданға аға сержант шенімен кіреді.

ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденіне ұсынылған марапаттау қағазынан үзінді келтірсек: «Жолдас Бердиев Батыс майданның 68-ші армиясы, 158 атқыштар дивизиясы, 563-ші атқыштар полкінің станокті пулеметшілер бөлімшесінің командирі ретінде 1943 жылдың 27 маусымы мен 20 тамызы арасында майдан даласында өткен шайқастарға қатысты. Жеке өзі  пулеметімен 60-тың үстінде немістің солдаты мен офицерін жойған.  Смоленск қаласы түбіндегі шайқаста   2 неміс солдатын тұтқынға алды. 1943 жылы 20 тамызда болған шайқаста басынан ауыр жараланды», деп жазылған.

Соғыстан келгеннен кейін Теңіз аудандық «Раймаслопром» мекемесінде директордың орынбасары болып жұмыс жасап, ауданымыздың өркендеуіне өз үлесін қосты. Әкеміз соғыста қаза тапты деген де ақпарат бар. Мәскеу Кремлінің батыс жағында ерлікпен қаза тапқандар арасында 83-ші қатарда «Старший сержант Пердиев Исхак Уразгалиевич» деген жазу тұр. Майданнан аман оралғанымен, амал қанша соғыста алған жарақаты әсер етті ме, кездейсоқ жағдайда өмірден өтті. «Артында бар оңалар», деген ғой дана халқымыз, Ұлы Жеңістің 80 жылдығында әкемізді еске алғанды жөн көрдік. Ерлікпен соғысып, бір шайқаста  пулеметімен басқыншылардың санын 60-тан астам адамға азайтқан әкеміздің ерлігін мақтан етеміз. Біз сізді ұмытпаймыз әке! 

Ұлы Ғаділбек Бердиев,
Ақкөл ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT