1418 тәулікке созылған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына биыл 80 жыл толып отыр. Сол зұлмат соғыста ерлігімен жауға қарсы тұрған қазақ сарбаздары туған жерді абыроймен қорғады. Ал ұрыс даласында кеудесін оққа тосып, мерт болған боздақтар қаншама?! Міне, осы соғыста жау оғынан мерт болып, сүйегі жат жерде қалған боздақтардың бірі – жерлесіміз Қуатбай Жетпісбаев.
Ойыл ауылдық кеңесінде 1925 жылы өмірге келген ол соғыс басталғанда 16 жаста еді. Ер-азаматтар әскерге алынып, майданға аттанғанда олардың орнын басып еңбек етті. Өзі әскер қатарына алынғанша үш ұжымшарда екі жыл жауапты қызмет атқарды. Осы уақыт ішінде ол майданға жіберуді талап етіп, əскери комиссариатқа үш рет өтінішпен барды. Алайда, кәмелет жасқа толмағандықтан оның өтініші қанағаттандырылмады. 1943 жылдың ақпан айында 18 жасқа толған ол Тайпақ аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, ағаларының артынан майданға аттанады. Екі-үш ай әскери дайындықтан соң Батыс майданы 116-шы Богдан Хмельницкий орденді Қызыл тулы Львов ауыр гаубицалық артиллериялық бригадасының бақылаушы-барлаушысы болып соғысқа кіреді. Жаз айында Кеңес әскерлері жаппай шабуылға шығып, жауды өз жеріне қарай тықсыра бастады. Сұрапыл соғыста фашистердің ауыр артиллериясы мен минометінің атқылауына қарамастан жаудың атыс нүктелерін анықтап, командирлеріне хабарлап отырды. Барлаушы-бақылаушының берген нақты мәліметі бойынша атқылаған зеңбірекшілер жаудың атыс ұяларын, танктерін, техникалары мен шоғырланған әскерлерін жойып отырды. Одан әрі Брянск, І Украина майданында соғысып, көптеген қала мен елді мекенді жау құрсауынан азат етуге қатысты. Өкінішке орай жеңіске үш ай қалғанда, яғни 1945 жылдың 5 ақпанында ержүрек сарбаз жау оғынан қаза тапты. Бұл туралы марапаттау парағында «Қатардағы жауынгер Қуатбай Жетпісбаев 12 қаңтар күні Польшаның Стопница ауданында жау қорғанысын бұзу кезінде қарша бораған оқтың астында бір дзот, екі блиндаж бен зеңбірек батареясының орналасқан жерін анықтап, олар біздің зеңбіректердің атқылауымен жойылды.
Ал, 23 қаңтар күні Одер өзеніндегі плацдарм үшін болған шайқаста ол тасада оқ жаудырып тұрған жау танкісі туралы мәлімет беріп, зеңбірек батареясының атқылауымен танк өртелді. Сондай-ақ, Пильшутц селосы маңындағы ауыр шайқаста жаудың жаяу әскері мен танкілерінің қарсы шабуылын тойтару кезінде жеке қаруымен екі фашисті атып өлтірді. Алайда, жаудың күші басым шайқаста қатардағы жауынгер Қуатбай Жетпісбаев ерлікпен қаза тапты» деп жазылған. Осылайша қасық қаны қалғанша соғысып, Отанын ерлікпен қорғаған жерлесіміз Қуатбай Жетпісбаевтің сүйегі жат жерде жерленді.
Жеңістен кейін шілде айында неміс басқыншыларына қарсы күресте майдандағы қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындағаны және сол кезде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Ақындыққа жаны құмар ол қолы қалт еткенде блиндажда немесе окопта отырып қойын дәптеріне өлең жазатын. Елге, туған жеріне сағынышын өлеңмен өріп, қағаз бетіне түсіреді. Ұрыс даласында ауыр жараланып, хал үстінде жатқанда Шумақ деген жерлес жолдасына қойын дәптерін беріп, үйіне жеткізуге аманаттайды. «Аманатқа қиянат жүрмейді» дегендей соғыс аяқталғаннан кейін елге оралған ол қойын дәптерді әкеліп табыстайды. Сол өлеңдер жинағын бауырлары біраз жыл өткесін «Сарғайған солдат дәптері» деген атпен шағын кітапша етіп шығарады. Кітапшада қарындасы Жазима Жетпісбайқызының «Өзіммен тете өскен ағам Қуатбай соғысқа 1943 жылы аттанғанда жанында Рысқұл және Аманжол деген екі жолдасымен кетіп еді. Рысқұлдың қарындасы Ақкенже, Аманжолдың қарындасы Сағи және мен үш қыз болып ағаларымызды ұжымшарға дейін шығарып салып, аттарын жетелеп қайтып едік. Тағдырдың жазуы болар, бауырымды, жан ағамды бұл менің соңғы көруім екен. Қуатбай ағам әкеміз Жетпісбай мен шешеміз Қамияның тұңғышы еді. 1925 жылы туған, менен екі жас үлкендігі бар еді. Үлкендігі өз алдына 12 құрсақ көрген ата-анамның балаларының арасында, қылығы да, жүріс-тұрысы да өзгеше болатын. Өмір ерте есейтті ме қайдам, ағам бала күнінен зерек, жігерлі болды. Мынау жазбалар ағамның майдан шебінде жүріп өз қолымен жазған дүниелері. Қойын дәптерін елге жолдастары әкеліп берді. Өкінішке орай біраз парағы жыртылып қалыпты. Соғыс аяқталуға бірер ай қалғанда шабуыл үстінде ағамыздың ішіне оқ тиіп, ішек-қарны жарылып қансырап жатқан сәтінде Шумақ деген жолдасы кезігеді. Оған «Мынау шаппа пышағымды артымнан ерген Зирек деген ініме, ал мына қойын блокнотымды қарындасым Жазимаға берерсің. Туған әке-шешеме, ел-жұртыма дұғай сәлем айт» деп аманат етіп көз жұмыпты» деген естелігі бар.
Ұлы Отан соғысына қатысып, елі үшін кеудесін оққа тосқан майдангерді еске алу ұрпақ парызы. Осылайша майдангердің ерлікке толы жауынгерлік жолы кейінгі ұрпақ жадында жаңғырып қала бермек.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ
Қызылқоға ауданы
ҮШ ЖОЛДАС
Үш жолдас елден шықтық амандасып,
Дәм тартып ұзақ жолға қадам басып.
Айырылып ата-ана мен туған жерден,
Өсірген қызғалдақтай қайран елден.
Параход сумен жүзіп Орал келдік,
Рыздық алыс жерден айдаған соң,
Аңсаған ақ бөкендей біздер желдік
Біз жаттық Оралскі қаласында,
Жас солдат өзіміздей арасында,
Шыдатпай отправкі тағы болдық.
Таң ату сағат бестің шамасында,
Строй құрып қойды жүргізуге.
Жолыңды неше түрлі білгізуге,
Есептеп тізімменен шақырғанда,
Рысқұл достым болмад бұл тізімде.
Айырылып бұл жолдастан біздер кеттік.
Оралып бірнеше күн жүріп жолда.
Ойлаған қарақшыға тағы жеттік,
Қасымда жалғыз досым Аманжолдан,
Айырылып бұл арада тағы кеттім.
Осылай қатар жүрген жан жолдасқа,
Қолымды амандасып бере алмадым.
Дүние дөңгеленген заман екен,
Достарды енді қайтып көре алмадым.
Бұл жерде екі ай жарым мен ойнадым,
Құдайым қосса досқа деп ойладым.
Сағынып қайран елді жүргенімде,
Қосылдым Ізбасар мен Шумақ досқа.
Бір жүрген жолдастармен бұл да жақсы,
Қалады ұмытылып уайым босқа.
Бір айдай лагерьде біздер жүрдік,
Күтуші ұлы тойға етек түрдік.
Августың жиырмасында түсіп жолға,
Паравоз арқыраған келіп міндік.
Жол жүріп бірнеше күн Орел келдік,
Үйреткен асау тайдай біздер көндік.
Демалып бұл арада жатып қалдық,
Сәлем хат күні-түні елге жаздық.
Дегенмен жүрдік тойға қадам басып,
Ата-ана хат арқылы амандасып.
Соғысқа декабрьде біздер түстік.
Есірген ащы суды бастап іштік,
Біз жүрдік бес-алты ай ұлы тойда.
Оқиға кірді басқа жазғы майда.
Май айы жиырма екісі ұлы бесін,
Достымның айтайыншы әңгімесін.
Жүрдік қой ұлы тойда құлаш ұрып,
Қаруды жауға қарай ептеп бұрып.
Телефон тыңдап едім құлақ түріп,
Оқ тиген Ізбасардай жолдасыма.
Оң аяқ сол қолымен бұл басына,
Жолдастан айырылған қиын болды,
Ой ойлап уайымға ішім толды.
Жолдасты қанды көйлек қия алмадым,
Бой тежеп бұл арада тұра алмадым,
Сүйткенше көп кешікпей күн де батты,
Сұрап ап, командирден ұлықсатты.
Көруге жолдасымды штаб келдім,
Достымды жараланған көзбен көрдім.
Үш ғаріп, екі орыс, бірі қазақ.
Жолында Ұлы Отанның көрген азап.
Емдеуге санчастіге келдім алып,
Штабный машинаға еппен салып.
Бұл жерде осынша көп кідіртпеді,
Беруге госпитілге бағыттатты.
Қызыл қан жаралардан ағып жатты,
Қоштасып жолдасыммен кеттім кейін.
Бауырлар еске түссе уайым жеймін.
Жасаған берсе тілек елден дәмем.
Айырылып тату достан бірнеше рет.
Тау қайтып қайырылады суда кемем.
Алланың бергеніне шүкір дағы,
Қасымда жолдасым бар Шумақ деген.
Құрбының ең тәуірі қылаң деген.
Көп ойлау пайда бермейді уайым жеген.
Екі жас аман жүрміз ұлы тойда,
Үміт бар қалам деген тірі ойда.
Ата-ана, құрбы-құрдас, аға-жеңге,
Риза болыңыздар бұл өлеңге.
Азырақ біздер көрген жағдай осы,
Хат жазсын бізді ойлаушы достың досы.
Қуатбай ЖЕТПІСБАЕВ,
дер. Войцеховна,
22-23 май, 1944 жыл