Мүмкіндігі шектеулі жандар қоғам назарында. Ал, оларға қандай әлеуметтік көмек көрсетіліп, жәрдемақыны қалай алуға болады? Міне, осы сұраққа «Арман» мәдениет үйінде аудандық «Мүгедектер қоғамы» қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Бақтығұл Тәжіғұл, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Шыңдыбаева, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы «Азаматтық орталығының» Қызылқоға ауданындағы маманы Айсәуле Ардаққызының ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесуде жауап табылды.
Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Шыңдыбаеваның айтуынша, биылғы жылдың маусым айынан бастап, әлеуметтік тапсырыс бойынша «Инвотакси» өз қызметін атқарып келеді. Оны арбамен жүретін, І, ІІ топ мүгедектігі бар көзі көрмейтін және тірек қозғалысы бұзылған, өздігінен жүре алмайтын жандар қолдана алады.
- Мен І топ мүгедегімін. Биылғы жазда шипажайға барған болатынмын. Әрине, шипажайға барып демалған жақсы болар, десек те көз көрмегендіктен ешқандай ем болмады. Өйткені, көзіме ешқандай ем жасалмады. Болашақта көз жанары көрмейтін жандарға арнайы шипажайларға жібергені дұрыс деп есептеймін, - деді ардагер журналист Жолдас Жанқуатов.
Осы орайда, «Мүгедектер қоғамы» қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Бақтығұл Тәжіғұл "Барлық ауылдық округтерді аралап, мүмкіндігі шектеулі жандармен кездестік. Кездесу барысында, олардың мұң-мұқтаждарын ескеріп, алдағы уақытта бірлесіп шешім қабылдаймыз" деді.
Шара соңы, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Кәмшат ӘБІШ