Таяуда ғана еліміз кезектен тыс президент сайлауын өткізіп, нәтижесінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жеті жылға Мемлекет басшысы болып сайланды.
Ендігі тілек – басшымыз әлеуметтік әлеуетін көтеру бағытында тың бастамаларды қолға алуы керек. Әсіресе, көп балалы аналар мен үйінде мүмкіндігі шектеулі адамы бар отбасыларға көбірек көңіл бөлінгені абзал. Әрине, қазірдің өзінде бұл санаттағы жандарға мемлекет тарапынан қамқорлық жасалуда. Десе де, тек жәрдемақы беріліп қана қоймай осы санаттағы жандарға банктен несие алғанда жеңілдік жасалса деген ұсыныс бар. Себебі, қазір несие ала қалсаң банктердің пайызы өте көп. Мемлекет тарапынан жеңілдік алатын әртүрлі санаттағы жандарға банктер ешқандай жеңілдік жасамайды. Соның салдарынан халық ай сайын алған жалақысының тең жартысынан банктерге беруге мәжбүр.
Бұған дейін банктер қаржылық дағдарыс кезінде мемлекеттен көмек есебінде миллиардтап қаржы алып келді. Енді соның қайтарымы ретінде халыққа жеңілдік жасалу керек. Банктерден бөлек қазір шағын несие беретін қаржылық ұйымдар көбейіп кеткен. Әп-сәтте несие деп қолыңа 500 мың теңге ұстатады да, оны артынан миллиондап қайтартады. Тіпті несие алу өте оңай болып кетті. Ол несиені төлей алатын жағдайың бар ма, жоқ па, онымен санаспастан саған жоғары пайызбен бере береді. Міне, соның салдарынан көп адам несиесін төлей алмай, есепшоттары бұғатталып жатады. Осы орайда, Президентіміз қаржылық ұйымдардың бей-берекет несие алуын тоқтатып, банктердің пайызын түсіруге ықпал етсе тіптен керемет болар еді.
Жолдас ИБРАШЕВ,
ауданның Құрметті азаматы