2022 жылы пайдалануға берілетін «Атырау-Астрахань» жолының құрылысының сапасы берік, қарқыны жақсы.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев айтты.
-«Ресей Федерациясы шекарасы - Атырау» жолын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып жатыр. Жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын жолдың бүгінгі таңда, 60 шақырым бөлігіне жөндеу жұмыстары басталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сай құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ, құрылыс қарқыны жақсы болғандықтан, құрылысшылар ерте бітіруі де мүмкін, - деді аймақ басшысы.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан екі бағыттағы жолдың бірі. Толықтай пайдалануға 2022 жылы беріледі деп жоспарланып отыр. Екінші бағыт – Атырау-Ақтөбе жолы, оның 27 шақырымы төселді, 88 шақырымы салынып жатыр, қалған 40 шақырымында дайындық жұмыстары жүруде. Сонымен қатар, аймақта көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жол-құрылыс жұмыстары жүзеге асуда.
Жалпы ұзындығы - 165 км болатын 216 көше, 32 елді мекенде жол салу жоспарланған. Облыс орталығында 4 басты көше кеңейтіледі, кеңейту жобасы: жол төсемін көбейту, жаңа LED жарықтандыру орнату, жаяу жүргіншілер жолын, вело-жол салу жұмыстарын қамтиды. Келер жылы облыс орталығында 7 көшені кеңейту жоспарланған. 45 км жаңа жол салынады.
Бүгінде Атырауда және қала маңындағы елді мекендердегі сапалы жол үлесі – 85 %.