Қасақана төлемеушілерден алимент өндіріп алу мәселесі бойынша облыс әкімдігінде кеңес өтті,-деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірде алимент төлеуге міндетті 6 494 адам бар. Олардың ішіндегі проблемалық төлемеушілер санатындағы 302-і, негізінен, жұмысқа орналаспаған, асоциалды өмірге дағдыланып кеткендер. Ал, қасақана төлемеушілердің борыштары бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. - Қасақана төлемеушілердің фамилиялары бар тізімдерде алименттердің сомалары да көрсетілген. Көбінің борышы екі миллионнан үш миллион теңгеге дейін құрайды. Яғни, бірнеше жыл бойы төлемеген. Бұл дұрыс емес. Әрбір ер азамат өзінің балалары үшін жауапты болуы тиіс. Әрине, кейде некені сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Алайда, бұл өзінің баласына қамқорлық жасауға кедергі болмауы тиіс,-деді өңір басшысы Нұрлан Ноғаев.
-Ересек адамдардың арақатынасы қалай қалыптасса да, балалар одан зардап шекпеуі тиіс. Үй-күйі, машинасы бар, жағдайы жақсы адамдар түрлі отбасындағы бірнеше баласынан қашқақтап жүру фактілері де кездеседі. Сот орындаушылар бұндайларды жауапкершілікке, соның ішінде, қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс. Алайда, өмірде бәрі ойдағыдай бола бермейді. Жекеменшік сот орындаушылардың Республикалық палатасы басқармасының төрағасы Ернар Ибраевтың хабарлауынша, бүгінгі күні әкімшілік хаттама жасау үшін борышкерді келтіруде полиция органдары тарапынан нақты қолдау болмай тұр. Борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартудағы негізгі проблема - олардың сот орындаушыларға келмеуі, нақты тұрып жатқан мекенін жасыруы, борышкердің тіркелген мекен-жайында болмауы.
- Мемлекеттік органдардың әркеттерінің үйлеспеушілігі нәтижесінде қоғамда сот актісі мен ол үшін жауапкершілік борышкерге емес, сот орындаушыға жүктеледі деген теріс ұғым қалыптасқан. Өндіріп алушылар әділет органдарымен, прокуратурамен жылдар бойы нәтижесіз хат алмасуға мәжбүр. Бұл билік институттарына деген сенімсіздік туындауына ықпал етеді,-деді Ернар Ибраев. Нұрлан Ноғаев атап өткендей, өңірде проблемалық алименттердің санын, тиісінше, әлеуметтік шиеленісті азайту, кәмелетке толмағандардың алимент төлемдерін алу құқығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері қажет.
- Сіздер бірігіп, бірлесе жұмыс істеулеріңіз қажет. Бастарың бірікпей, нәтиже болмайды, жұмысты ретке келтіруді тапсырамын. Алимент төлемейтіндерге қарсы қылмыстық іс қозғаңдар, олардың машиналарын тәркілеңдер, басқа да шаралар алыңдар. Жекеменшік сот орындаушыларды ынталандырыңдар. Мүмкін, алиментін төлеген әрбір адам үшін сыйақы беру қажет шығар. Алимент алмайтын жалғызбасты аналардың қалай өмір сүріп жатқанын көріңіздер. Сіздердің жұмыстарыңыз олардың болашағына да ықпал етеді. Адамдар сіздердің жұмыстарыңыздың нақты нәтижесін көріп, сезінуі тиіс,-деп түйіндеді облыс әкімі.
Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Сурет:ӨКҚ