Жақында көп балалы, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған топқа жататын аналарды оқытуға, өз ісін ашуға жәрдем көрсету мақсатында өткен «Іскер ана» жобасы өз мәресіне жетті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, аудандық ішкі саясат бөлімі, Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша «Жас Ұлан» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Ғасыр» оқу орталығы тігін ісі, аспаздық, шаштараз, сән салоны мастерлері, есепші, компьютерлік сауаттылық, ағылшын тілі маманы, массаж, кадр ісі, т.б мамандықтар бойынша оқыту жұмыстарын жүргізді. Тамыздың 12-16 аралығында өткізілген шарада ауданымыздан төрт мамандық бойынша 14 тігінші, 5 аспаз, 10 массаж шебері, 1 кадр ісінің меңгерушісі тәрбиеленді. Оқу барысында бизнес тренер Бейбітжан Мырзағалиев болашақ кәсіпкерлерге теория жүзінде жол көрсетіп, білімімен бөлісті. Соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификат табысталды. Мұндай жобалардың өтуі көңілге қуаныш ұялатты. Бір апта ішінде көптеген мәліметтер алып оны практика жүзінде жүзеге асыруға ниетті аналар жоба жетекшілеріне алғысын білдірді.
Әсел ТАУШАНОВА