Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Мәжіліс құрылыс қызметін қағазбастылықтан арылтатын құжатты қарайды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар Президент тапсырмасына орай әзірленген жаңа Құрылыс кодексін талқылап, көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері көзделген заң жобасын қарайды.

Айта кетейік, 3 қазанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен бюро отырысында бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланған еді. Соған сәйкес, депутаттар «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қарайды. Бұл құжат Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді. Жолдау барысында Президент бүгінде Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2,5 мыңнан астам құжат бар екенін атап өткен болатын.

- Бұл жүйе әбден қағазбастылыққа көмілген. Жемқорлық аз емес. Ескі құрылыс стандарттары мен нормалары әлі де қолданылады. Сондықтан, Үкіметке мүлдем жаңа құжат – Қала құрылысы кодексін қабылдауды тапсырамын, - деген еді қасым-Жомарт Тоқаев.

Кодекс жобасы құрылыс саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге, адамның өмір сүруіне қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қалыптастыруға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі топтар үшін нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі бойынша қабылданатын шешімдерді талқылауға қоғамның қатысуы, бұзушылықтарға уақтылы әрекет ету, сондай-ақ жобалау мен құрылыс саласындағы мамандар мен ұйымдарды сертификаттау қарастырылған.

Еске салсақ, 2024 жылдың ақпанында Парламент Мәжілісінде жаңа Құрылыс кодексінің жобасын жауапты министрлік таныстырған болатын. Содан бері палатада бұл құжат жобасы егжей-тегжейлі талқыланып жатыр. Бастапқыда оған қатысты депутаттар біраз сын айқаны да есімізде. Осы орайда атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасқан едік. 

Мәжіліске сондай-ақ Парламент депутаттары бастамашылық еткен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын қарау ұсынылады.

Заң жобасы жер қойнауын пайдалану саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруға және уран өнеркәсібінде мемлекеттің мүдделерін қорғауға бағытталған. Жер қойнауын геологиялық зерттеу лицензиясынан жер қойнауының аз зерттелген аумақтарында орналасқан учаскелер бойынша барлау және өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа көшу құқығын жер қойнауын пайдаланушыға басымдықпен беру бөлігінде өзгерістер енгізіледі.

Сонымен қатар көмірсутектерді барлау және өндіру жөніндегі келісімшарттарды алғашқы үш жыл ішінде иеліктен шығаруға тыйым салу, ұлттық компаниялар үшін аумақтарды резервтеудің үш жылдық шектеуін енгізу, аз зерттелген аумақтарда аукцион өткізу мерзімдерін қысқарту, геологиялық барлау жұмыстарының ең төменгі көлемін белгілеу қарастырылған. Сондай-ақ уран саласындағы ұлттық компания үшін уран кен орындары мен уран кен залеждерін барлау аумақтарын резервтеу механизмі енгізіледі.

Естеріңізге сала кетсек, өткен аптадағы Мәжілістің жалпы отырысында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдерде радиоактивті материалдарды трансшекаралық тасымалдау туралы келісімді және Қазақстан мен Түрікменстан үкіметтері арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялады.

Бірінші келісім бойынша баяндама жасаған Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл құжат трансшекаралық тасымалдарды бақылау тиімділігін арттыруға, радиоактивті материалдарды мемлекеттік шекаралар арқылы өткізу кезінде негізсіз кідірістерді болдырмауға, орын ауыстыру мониторингі жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ радиоактивті материалдарды заңсыз тасымалдаудың жолын кесуге ықпал ететін болады.

— Келісім Қазақстан Республикасының Президенті 2025 жылғы 26 қыркүйекте Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында белгілеген саясат контекстінде ерекше мәнге ие болады. Мемлекет басшысы атом энергетикасы мен ядролық технологияларды дамыту энергетикалық қауіпсіздікті, ғылыми-техникалық прогресті және елдің атомды бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы халықаралық міндеттемелерін қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы тұрғыда Қазақстан жоғары халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи нормативтік-құқықтық базаны дәйекті түрде қалыптастырады, бұл осы Келісімді ратификациялаудың қосымша өзектілігін береді, — деді агенттік басшысы.

Ал екінші келісімге былтыр 10 қазанда Мемлекет басшысының Түрікменстанға сапары барысында қол қойылған. Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің атап өтуінше, құжат қылмысқа қарсы күрес саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрады.

— Құжатта ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік, террористік және экстремистік қылмыстар, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ заңсыз көші-қон және адам саудасы саласында екі елдің құзыретті органдарының қарым-қатынасын дамыту ескерілген. Келісім халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келеді, — деді ол.

Жалпы отырыс соңында Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 20 депутаттық сауал жолдады. Мәселен, Мәжіліс депутаты Аян Зейнуллин мойындарына заңсыз несие ілінген мүгедектерге араша түсіп, Бас прокурор мен Ұлттық банк басшысының атына сауал жолдады. 

— Мысалы, Қарағандыда 66 жастағы зейнеткер Г.И. Тутучкина 2001 жылдан бері психоневрологиялық есепте тұрғанына қарамастан, оның атында жалпы сомасы 5 081 543 теңге болатын қарыз бар. Бүкіл мемлекеттік платформаларда оның денсаулық жағдайы туралы растайтын құжаттар бар, — дейді депутат.

Ал Асхат Рахымжанов кредитпен байланысты алаяқтық схемаларға банк менеджерлерінің қатысы бар деген мәліметі алға тартты. Депутат осы күмәнді адамдарды Ішкі істер министрлігі тексеру керек деп есептейді.

— Ішкі істер министрлігі екінші деңгейдегі банк менеджерлерінің қызметіне жан-жақты тексеру жүргізіп, жалған сенімхат арқылы кредит ресімдеу фактілеріне құқықтық баға берсін. Өз тарапымыздан жосықсыз қызметкерлердің толық тізімін ұсынамыз және тергеу шеңберінде, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша органдармен өзара іс-қимыл жасаймыз, — деді Асхат Рахымжанов.

Ерболат Саурықов Жамбыл облысы диқандарының несие мен лизинг төлемдеріне алаңдаушылық танытты. Сондай-ақ ол диқандардың проблемасын шешу үшін Үкімет басшысына мынадай ұсыныстар жасады:

    өңір диқандарының несие және лизинг төлемдерін бір жылға ешқандай өсімпұлсыз шегеру;

    2024–2025 жылдарға арналған субсидиялар мен инвестициялық субсидиялар бойынша берешектерді толық өтеуді қамтамасыз етіп, төлем кестесін нақты бекіту;

    субсидиялау жүйесін қайта қарап, түсініксіз, қайшылықты нормаларды жойып, тек нақты бағытталған, әділ қолдау механизмін енгізу;

    қарызын уақытылы өтей алмағаны үшін шаруаларды субсидиядан айыру тәжірибесін тоқтатып, қайта субсидия алу мүмкіндігін беру;

    «ҚазАгроҚаржы» мен Аграрлық несие корпорациясын тарта отырып, фермерлердің жаппай банкрот болуына жол бермейтін дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеу;

    еліміздің оңтүстік өңірлеріне арналған жеке мемлекеттік бағдарлама жасау;

    күзгі дала жұмыстарына, тұқым мен жанар-жағармайға арналған өңірлік тұрақтандыру қорын жасақтау.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT