Бүгін «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов аудан тұрғындарымен кездесті.
Онда алдымен аудан әкімі Қанат Әзмұханов кездесу мақсатын түсіндіріп өткен соң мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов мәжіліс депутаттығына сайланғаннан бері атқарған жұмысы туралы қысқаша хабарлама жасады.
Оның айтуынша, Парламент мәжілісінде 35 Заң қабылданып, Сенатқа жолданды. Яғни, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жүзеге асырылуы, жер қойнауын пайдалану, бизнес жүргізу, тәлімгерлік пен балалардың қауіпсіздігі, денсаулыққа зиян келтіретін жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтарды арнайы төлемақымен қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін құжаттар қабылданды.
– Депутаттық қызметім аясында облыстың өзекті мәселелерін салалық министрліктерге жеткізіп, шешу бағытында жұмыстар жасалуда. Облыстық, қалалық, аудандық депутаттардан, облыс тұрғындарынан өңірдегі проблемалық мәселелерді шешуді сұраған депутаттық сауалдар көп келіп түседі. Оның бірқатарын, облыстық әкімдікпен, кейбір жағдайларды министрліктермен бірігіп шешуге жұмыстанудамыз, - деді Парламент мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов.
Кездесу барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Толығырақ аудандық «Қызылқоға» газетінің 2 ақпандағы санынан оқи аласыздар.
Бауыржан ОҚАС