Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов Атырау облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында депутат өңірдегі кәсіпкерлермен кездесіп, бизнестің күнделікті жұмысында туындайтын нақты түйткілдерді тыңдады.
Алғашқы кездесу Атырау қаласында орналасқан «CENTECH» компаниясында өтті. Кәсіпорын басшысы Азамат Көкенов отандық өндірушілердің қазіргі жағдайына тоқталып, жергілікті кәсіпорындар үшін ірі компаниялармен бәсекеге түсу оңай емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, негізгі түйін ішкі нарықта отандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыруға, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда қазақстандық тауарларға нақты басымдық беруге, жергілікті кәсіпорындарға ұзақмерзімді жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын жүйелі тетіктерді іске қосуға келіп тіреледі. Егер ішкі нарықта сұраныс болмаса, кез келген қолдау уақытша әсер береді. Өндіріс үшін ең бастысы – тұрақты нарық. Бұл ұсыныстардың заңнамалық тұрғыда өзекті екенін атап өткен Айтуар Қошмамбетов:
– Отандық өндірісті қолдау мен шағын және орта бизнесті дамыту Мәжіліс жұмысының басым бағыттарының бірі. Respublica партиясы кәсіпкерді экономиканың қозғаушы күші ретінде қарастырып, әділ бәсеке мен ашық нарықты ел дамуының негізгі шарты деп санайды. Сіздер көтерген мәселелер тиісті комитеттердің қарауына ұсынылатын болады,– деді.
Металл және электротехникалық бұйымдар өндіретін, қарқынды дамып келе жатқан «CENTECH» компаниясы 100 пайыз отандық кәсіпорын саналады. Ол өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосып келеді. Жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты Атырау облысындағы ірі сауда орындарының бірі «Дина» сауда орталығында жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Сауда саласының өкілдері шешімін күткен мәселе аз емес екенін ашық айтты. Кездесу барысында кәсіпкерлер банктер ұсынатын несиелердің пайыздық үстемесі, тауар тасымалына қатысты енгізілген электронды тіркеу жүйесі және жол инфрақұрылымының сапасы туралы проблемаларды ортаға салды. Олардың айтуынша, бұл факторлардың барлығы түптеп келгенде тауар бағасының өсуіне тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, онлайн сауда тақырыбы да назардан тыс қалмады. Дәстүрлі базарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер интернет арқылы сауда жасайтын платформаларға қойылатын талаптар мен салық жүктемесінің тең еместігіне алаңдаушылық білдірді. Айтуар Қошмамбетов кәсіпкерлер көтерген мәселелердің орынды екенін атап өтіп, оларды заңнамалық және атқарушы билік деңгейінде жүйелі түрде қарау қажеттігін айтты. Оның пікірінше, мұндай кездесулер өңірлердегі нақты проблемаларды уақытында анықтап, тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Мәжілістің Баспасөз қызметі «Respublica» партиясының материалдары бойынша әзірледі



