«Nur Otan» партиясы аудандық сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Штаб мүшелерінің бір тобы ауылдарды аралап, халықпен тілдесіп жатса, екіншілері ауыл көшелерінде тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, қаңтар айында өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақыруда. Сәрсенбі күні аудандық сайлауалды штабының мүшелері, аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер Миялы ауылындағы Қ.Сәтбаев көшесі бойында тұрғындармен кездесіп, жадынама қағаздарын таратты. Онда аудандық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Альберт Аққайнанов «Nur Otan» партиясының биылғы жылы пандемия кезінде атқарған жұмыстарына, алдағы жылы ауданда атқаратын жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, «Nur Otan» партиясының бастамасымен пандемия уақытында «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан аудандағы аз қамтылған 1100 отбасына 50 мың теңгеден көмек берілсе, еріктілер арқылы 1965 әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға тұрмысқа қажетті азық-түлік себеті үлестірілді. Сондай-ақ, «Nur Оtan» партиясының Қызылқоға ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасында алдағы жылдары ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту, кәсіпкерлерді қолдау, медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, білім беру сапасын арттыру, жолдардың сапасын жақсарту, халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында алға қойған міндеттері кеңінен қамтылған.
– Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, әр тұрғынның өмір сүру деңгейін арттыру, - деді аудандық сайлауалды штабы басшысының орынбасары Альберт Аққайнанов.
Нақтырақ айтқанда, Миялы ауылынан 60 пәтерлік 3 қабатты 2 тұрғын үй салу, аудан бойынша 2021-2025 жылдары 119,6 шақырым жол жөндеу құрылысын жүргізу, бес елді мекенге балабақшалар салу, мектептерді пәндік кабинеттермен және робототехника, IT, STEM кабинеттерімен кезең-кезеңімен жарақтандыру, дәрі-дәрмектер қорын тұрақты қамтамасыз ету, медициналық бұйымдар ИВЛ, КТ аппараттарымен қамту басты назарда болмақ. Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Сайлаубек Темірғалиев пен Есенбай Нұров ауылды таза ауыз сумен қамту және Ойыл өзенін қалыпқа келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жиналған тұрғындардың назарына ұсынып, «Nur Otan» партиясының әркімнің таза суға, медициналық көмек пен сапалы жолдарға қолжетімді болуын қолдайтындығын жеткізді. Көше тұрғыны Марат Елеуов елімізде бұған дейін өткен түрлі сайлауларға қатысып келе жатқанын тілге тиек етіп, үміткерлерге сәттілік тіледі.
«Nur Otan» партиясының Атырау облысының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді