Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мемлекеттік қолдаудың шынайы нәтижесі

Мен Атырау қаласының тұрғынымын, аз қамтылған отбасы санатында 14 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрдым. Бұл жылдар мен үшін тек күту ғана емес, үміт пен сенімге толы уақыт болды. Соңғы бірнеше жыл бойы отбасыммен жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Былтыр, жыл соңында, мемлекеттік бағдарлама аясында екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бұл сәт менің және отбасымның өміріндегі ең үлкен қуаныш болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй саясаты туралы айтқан «Баспана арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деген сөзі менің өмірімде шынайы жүзеге асты. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау мен қабылданған реформалар мыңдаған қазақстандықтың, соның ішінде менің де, өмірімді өзгертуге мүмкіндік берді.

Әсіресе, бүгінде «Отбасы банкі» арқылы жүзеге асырылып жатқан «Бір терезе» қағидаты мен заңнамалық реформалар тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтар үшін үлкен көмек. Әлеуметтік осал топтарға арналған жалға берілетін баспананы жекешелендіру мүмкіндігі көптеген отбасы үшін армандаған үйіне қол жеткізудің нақты қадамы болды.

Қазір мен өз үйімде отырып, өмірімнің жаңа парағын аштым. Бұл тек қана менің жетістігім емес, елдегі тұрғын үй саясатының, халыққа арналған бағдарламалардың сәтті жүзеге асырылуының нәтижесі деп білемін.

Қазір республикада баспана алу жолдары кеңейіп, қолжетімді бола түсті. Президенттің бастамалары мен мемлекеттік қолдаудың арқасында енді баспана тек арман емес, шынайы өмірдің бір бөлшегі екенін сезіне бастадым.

Сөз соңында тұрғын үйге мұқтаж барлық адамның армандарының орындалуын тілеймін. Бүгінгі мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулар баспанаға мұқтаж әр адамның өмірін өзгертеді деп сенемін!

Тамара ТАЙТЕКОВА,

Атырау қаласының тұрғыны

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT