Астанада Ұлттық құрылтай секцияларының отырысы өтті.
Жиында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жылдың негізгі қорытындыларына тоқталды. Ол экономика тұрақты өсім көрсеткенін, жаңа кәсіпорындар іске қосылып, тұрақты жұмыс орындары құрылғанын, әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алып, көлік инфрақұрылымын жаңғырту ісі жалғасып жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президент бастамашылық еткен парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» мемлекеттік құрылыстың базалық формуласы аясындағы ауқымды саяси жаңғырудың логикалық жалғасы екенін айтты.
«Ұсынылып отырған реформа заң шығарушы билікті қайта жаңғыртуға әрі оның тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте саяси бастама Парламент қызметін өзгертумен ғана шектелмейді, елдің конституциялық құрылымының іргелі негіздерін де қамтиды. Негізгі заңның кемінде 40 бабына өзгерістер енгізіледі деп күтіліп отыр. Аталған реформа 2022 жылғы конституциялық өзгерістермен кешенді түрде бірге жүзеге асырылады және мүлде жаңа саяси модельге көшуге жол ашады», – деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Бурабайда өткен IV отырыста Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан айтылған бастамаларға тоқталды.
Оларды жүйелі түрде іске асыру үшін 53 тармақтан тұратын арнайы жоспар қабылданды. Онда түрлі бағыт бойынша 10 заң жобасын әзірлеу көзделген.
Ұлттық құрылтай бастамалары аясында бірқатар маңызды тұжырымдамалық құжат әзірленді. Мәселен, ішкі саясаттың негізгі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат дайындалды. 2026-2028 жылдарға арналған Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. 2025-2030 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының өңірлік даму тұжырымдамасы қабылданды.
«100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы, «Асыл мұра» аудио жинағы секілді маңызды мәдени-гуманитарлық жобалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Хандар шежіресі» қолжазбасы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне енгізілді.
Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай бастамаларын іске асыру жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған шаралардың барлығын біріктіретін «Қазақстан балалары» біртұтас бағдарламасы әзірленуде, ғылыми қалашықтар құру, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттеу, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау және басқа да бағыттар бойынша заңнамалық нормалар дайындалуда.
Бастамалар мен ұсыныстарды іске асыру мәселелері Ұлттық құрылтайдың «Азаматтық қоғам», «Әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму», «Білім және ғылым» атты жұмыс секцияларында талқыланды.
Секцияларға Президент көмекшісі Арман Қырықбаев, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова модераторлық етті.
Секциялар аясында Ұлттық құрылтай мүшелері Президент бастамаларының жүзеге асырылуын қолдап, жекелеген бағыттарға қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан айтылған ұсыныстар Хатшылықта жинақталып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысында қарастыру үшін мүдделі мемлекеттік органдармен талқыланатын болады.
Ұлттық құрылтайдың V отырысын келесі жылы Қызылорда қаласында өткізу жоспарланып отыр.



