Абай облысы, Бородулиха ауылы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы алапат өртке байланысты Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
Жиынға қатысушылар, ең алдымен, табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
– Елімізде тағы да алапат өрт болып жатыр. Өкінішке қарай, тілсіз жаумен күрес кезінде азаматтарымыз қайтыс болды. 14 адам қызметтік міндетін атқарып жүріп ерлікпен қаза тапты. Мен жаңа ғана бұл адамдардың туыстарымен кездестім. Өте ауыр әңгіме болды. Жұрт жылап отыр. Үкіметке наразылығын айтып жатыр. Марқұмдардың отбасыларына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңадан тағайындалған Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпхановты таныстырып, ведомствоға жүктелетін басты міндеттерді атап өтті.
– Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Бұл жағдай кәсіби салғырттықты, адамдардың тағдырына бей-жай қарайтынымызды көрсетті. Мен бұған тағы да көз жеткіздім. Ал қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік және оның басшылары өздерінің қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай қайғылы жағдай болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өртпен күрес шараларының басы-қасында жүрген Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков пен Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың табиғат апаты салдарымен күресу, жақын маңайдағы елді мекендер тұрғындарын эвакуациялау және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамаларын тыңдады. Президент баяндамашылардың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа батыл кадрлық шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма берді. Ал Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады.
Президент қазір адам өмірін сақтау, сондай-ақ өртті ауыздықтау басты мақсат екенін атап өтті.
Сонымен қатар Үкімет пен облыс әкімдігіне келтірілген шығын көлемін шұғыл анықтау, зардап шеккен тұрғындардың бәріне қолдау көрсету, қаза тапқан азаматтардың отбасына және зардап шеккен адамдарға өтемақы төлеу мәселесін шешу, алапат өрт кезінде өмірін құрбан еткен жандарды мемлекеттік наградаға ұсыну, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын дереу бастау жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар атүсті орындалғанын қатаң сынға алды.
– Қауіп-қатердің бағаланбағаны қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Болжам дұрыс жасалмады. Нәтижесінде табиғат апаты тиісті дәрежеде әрі дер кезінде ауыздықталмады. Демек, тиісті алгоритмдер жұмыс істемейді. Бұл, ең алдымен, ТЖМ-нің кемшілігі. Бас прокуратураға қозғалған қылмыстық іс аясында уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардың іс-әрекетіне нақты баға беруді тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент орман және дала өртін алдын ала анықтау және апатты жағдайдан сақтандыру жөніндегі жұмыс тәртібі жолға қойылмағанына назар аударды.
– Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен өңірлердің әкімдері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өрт ошақтарын ерте анықтаудың цифрлық жүйелерімен жабдықтауы, өртті бейнебақылау және мониторинг жасау жүйелерін енгізу шараларын қабылдауы керек. Мұндай жүйелерді енгізгенге дейін орман алқабын авиация арқылы және жерден бақылау, сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңдерде «ұшқышсыз ұшатын аппараттарды» қолдану жиілігін арттыруы қажет. Сонымен қатар табиғатты қорғау және орман мекемелерін өртке қарсы техникалармен жарақтандыру деңгейін талапқа сай нормаларға дейін жеткізуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы былтыр Қостанай облысындағы өрттен кейін азаматтық қорғаныс мекемелерінің, жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға нақты дайындығын тексеру жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Өкінішке қарай, нәтижесі көңіл көншітпейді. Материалдық-техникалық жабдықталу көрсеткіші 69 пайыз, функционалдық инфрақұрылыммен жабдықталу 63 пайыз деңгейінде. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдардың төтенше жағдайларға әзірлігі 70 пайыз.
– Үкімет дайындық көрсеткіштерін төтенше жағдайларға тиісті дәрежеде төтеп беретін деңгейге жеткізуі қажет. Әлемде бірде-бір мемлекет көп кәсіби өрт сөндірушіні ұстап тұра алмайды. Еріктілер отрядтарын тарту тәжірибесі кеңінен қолданылады және оларды оқытады, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді және сақтандыру шаралары қарастырылады. Бізде де бұл нормалар заң жүзінде қарастырылған. Біз бұл ресурсты белсенді пайдалануымыз керек. Жаздың ыстығы енді ғана басталды. Кез келген уақытта өрт шығуы мүмкін. Сондай кезде өртке төтеп беру үшін дайындық сақадай сай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы орман алқаптарында жүрген кезде қауіпсіздік ережесін бұзатын азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет екенін мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылармен және еріктілермен кездесті.
– Баршаңызға алғыс айтамын. Еріктілер, сіздерге де ризамын. Жарайсыздар. Сіздердің сіңірген еңбектеріңіз мемлекет тарапынан елеусіз қалмайды. Үлкен апат болды. 14 адам қаза тапты. Жаңа ғана азаматтармен кездестім. Өте ауыр жағдай. Сондықтан осындай қасіретті апат кезінде бәріміз бір халық, бір ұлт болып бірге жұмыс істеуіміз керек. Жаңа ғана кеңес өтті. Ұйымдастыру шараларын талқыладық. Төтенше жағдай барлық елде болады. Ең бастысы, біз осы төтенше жағдайды, әсіресе өртті адам шығынына жол бермей, уақытылы, тез ауыздықтай білуіміз керек. Аман болыңыздар, – деді Президент.