Атырау облысының бұрынғы әкімі Махамбет Досмұхамбетов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында тұрғындарға ізгі тілегін білдірді.
Эксәкім жазбасында екі жыл бұрын сенім артып, Атырау облысына әкім етіп тағайындаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Содан бергі Президент тапсырмасына сай, өңірді дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында біраз жұмыс істелгенін атады.
«Облысымыз экономика, инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік сынды көптеген маңызды салада өсімге қол жеткізді.
Әсіресе, білім мен денсаулық саласында да көптеген жұмыстар істеліп, жаңа нысандар ашылды. Экологияны оңалту үшін де көғалдандырудан бастап, бірқатар ауқымды жоба жүзеге асырылды» деп жазды Махамбет Досмұхамбетов.
Бұрынғы аймақ басшысының айтуынша, былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021-2025 жылдарға арналған Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қабылданған.
«Жалпы сомасы 9 триллион теңгені құрайтын 187 іс-шараны қамтитын Кешенді жоспар 15 бағытта жүзеге асырылуда. Ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм сынды көптеген саланы дамытуға, энергетика және экология, ауыз су тәрізді өзекті салаларда қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Маңызды құжатқа сай, 2025 жылға дейін 48 жаңа мектеп салынып, 3,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, әлеуметтік салада өзге де көптеген қажетті нысан бой көтереді. Былтыр қасиетті Сарайышықта сапар орталығы құрылысын бастадық, жазда ел игілігіне беру жоспарланған» деген облыстың бұрынғы әкімі бұндай игі бастамалардың алдағы уақытта жалғасын табарына сенім білдірді.
Махамбет Жолдасқалиұлы өзі басшылық жасаған жылдарда қолдау білдірген атыраулықтарға, бірге қызмет еткен әріптестеріне ризашылығын жеткізді.
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезіңде арандатуға ермей, тұрақтылық пен мемлекеттілік үшін бірліктің үлгісін көрсеткен барша жерлестеріме рақметімді айтамын!
Өңірге әкім болған 2 жыл төрт ай ішінде қиындықтарға қарамастан, облысымызды дамытуға қатысты іргелі істердің басы-қасынан табылған әріптестеріме алғысым шексіз.
Сондай-ақ осы аралықта бірге жұмыс істеген облыстық Мәслихат депутаттарына, түрлі мемлекеттік орган басшыларына, Қоғам өкілдері мен БАҚ және ТШО, NCOC, «Эмбімұнайгаз» АҚ, КТК сынды өзге де ірі компания жетекшілеріне ризашалығымды білдіремін» дейді ол.
Атырау облысының бұрынғы басшысы жақында тағайындалған жаңа әкімнің жұмысына да сәттілік тіледі.
«Облысымызға әкім болып тағайындалған Серік Шәпкенов Атыраудың халқын таниды, проблемаларын да жақсы біледі. Өңірдің көркеюіне бұған дейін де үлес қосқан әріптесімнің аймақты одан ары дамыту жұмысына сәттілік тілеймін!
Қуатты да бақуатты Жаңа Қазақстанды бірге құрайық! Атырауымыз дамып, өркендей берсін!» делінген жазбада.