Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

М.Досмұхамбетов: «Қызылқоғада мал өсіруге ерекше көңіл бөлінуде»

 Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қызылқоға ауданындағы жұмыс сапары аясында "Қасым" және "Аян" шаруа қожалықтарының жұмысымен де танысты, деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік  коммуникациялар қызметі.

Облыс әкімі алдымен "Қасым" шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2015 жылы құрылған қожалық мал шаруашылығы, мал азығын дайындаумен айналысып келеді. 15 мың га жер көлемін алып жатқан қожалық бүгінде он адамды жұмыспен қамтып отыр.

Жылына 7 тонна ет өндіріп, 800 тонна мал азығын дайындап отырған қожалықта 143 мүйізді ірі қара, 78 жылқы, 1352 қой бар. «Қасым» шаруа қожалығының төрағасы Гүлзина Құдабаева шаруа қожалығының экономикалық бағытын әртараптандыруды жоспарлап отырғанын айтты.

«Болашақта қаймақ, құрт, ірімшік және сиыр сүтін өндіріп сату бағытында жұмыстар жасалуда» деді ол.

Мұнан соң өңір басшысы "Аян" шаруа қожалығын аралап көрді. 2016 жылы құрылған қожалықтың иелігінде 1400 гектар жер бар. "Аян" шаруа қожалығының иесі Әнуар Аманғалидің айтуынша, мал басы жыл санап артуда. «2017 жылы Қостанай облысынан 50 бас асыл тұқымды абердин-ангусс қашарын алып келдік. Арада екі жыл өткенде алғашқы төлдерін алдық. Қазіргі уақытта етті бағытта асыл тұқымды 120 бас сиыр бар» дейді ол сонымен бірге асыл тұқымды саналатын биязы жүнді қой өсірумен де айналысып жатқанын атап өтті.

«Тамыз айында Ақтөбеден биязы жүнді қойдың 300 аналығын, 12 қошқар алып келдік. Біздің нәтижелерімізді көрген әріптестеріміздің арасында бүгінде Қызылқоға ауданы бойынша 5 шаруа қожалығы асыл тұқымды мал санын көбейту бойынша жұмыстар атқаруда» дейді "Аян" шаруа қожалығының иесі Әнуар Аманғали.

Бүгінде шаруа қожалық меншігінде 151 ірі қара мал, 517 қой-ешкі мен 28 жылқы бар. Жергілікті шаруалармен кездесіп, жұмыс барысымен танысып шыққан облыс әкімі асыл тұқымды мал басын арттыруды және жұмысты одан ары жандандыру керектігін атап өтті.

Облыс басшысының сөзінше, мал шаруашылығын арттыруға ерекше көңіл бөлініп келеді. Сондықтан аудан әкіміне шаруаларға көмек көрсетуді тапсырды. Айта кетелік, Қызылқоға ауданы бойынша бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отырған 355 шаруа қожалығы бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT