«Тенгизшевройл» компаниясы жергілікті өндірушілердің әлеуетін арттыру мақсатында қазақстандық үлесті дамытуға миллиардтаған доллар инвестиция құюда. KAZENERGY форумында компания өкілдері жаңа бағдарламалар қазақстандық кәсіпорындарға әлемдік стандарттарға жол ашып отырғанын айтты.
Компания құрылған сәттен бері ТШО қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуға 51,4 млрд АҚШ долларынан астам қаражат бағыттаған. Тек 2024 жылы сатып алулардың 71 пайызы отандық өндірушілердің үлесіне тиесілі болды, оның ішінде 274 млн доллар — жергілікті тауар өндірушілерге бөлінген.
«Қазақстандық үлесті дамыту — ұлттық бизнестің болашағына салынған инвестиция», — деді ТШО-ның бас директорының орынбасары Қонылқош Суесинов.
Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, ТШО бес жылдық Жергілікті мазмұнды дамыту бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама аясында отандық компанияларға артықшылықтар беру, тендерлерге қатысу мүмкіндігін кеңейту, оқыту және сапаны арттыру бойынша қолдау шаралары қарастырылған.
Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығымен (IMB-орталық) бірлесе отырып, 12 жаңа тауар тобы әзірленіп, қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалды.
Мұның айқын мысалы — PSI Energy және QMOZ компанияларымен жүзеге асқан модульдік қосалқы станция жобасы. 800 000-нан астам адам-сағат ешқандай жазатайым оқиғасыз орындалды: алғашқы модуль Теңізде іске қосылды, екіншісі қазан айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
«Бұл жоба отандық компаниялардың әлемдік деңгейдегі күрделі инженерлік шешімдерді жүзеге асыра алатынын дәлелдейді», — деп атап өтті Суесинов.
Қазақстандық үлесті дамыту бүгінде ұлттық өнеркәсіптік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр.
«Біз мемлекетпен және бизнес қауымдастығымен ынтымақтастықты жалғастырып, отандық компаниялардың нарықтағы позициясын нығайта береміз», — деді спикер қорытындылай келе.