Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘМІРЖАН

...Ертеңгісін ерте тұрып, терезеден далаға көз тастадым.

Ұшқындап жауған ақ ұлпа қар жердің бетін әп-сәтте ақ мамыққа орап тастапты. Бейне бір көк Тәңірінің өзі сыйға бергендей, кезек-кезек жерге түсіп жатыр, түсіп жатыр...

Керемет!

Терезеден табиғат құбылысын қызықтаған мен, терезені ашып жіберіп, алақанымды тостым. Міне, қызық! Неше түрлі өрнекпен жауып тұрған ақ ұлпа алақанымның қызуымен лезде-ақ суға айналып кетіп жатыр...

Иә, ақ пен қара демекші, өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратыны секілді табиғат та неше түрлі реңге (көктем мен жазда - жасылға, күзде - сары алтынға, қыста - кіршіксіз ақ түске) боялуы да заңды құбылыс екен-ау!... Менің ойымды телефонымның шырылы бөліп жіберді.

- Апай, сәлеметсіз бе? Мен- Әміржанмын ғой. Біздің жастар театрымыз Испаниядан "Гран-При" жүлдесімен оралдық, қуанышымды сізбен бөлісіп жатырмын! - деген Әміржанның қуанышты дауысы мені демде сергітіп жіберді.

Иә, Әміржан бала кезінен-ақ өнерге тым жақын боп өсті. Сонау 2000 жылдары Елбасымыздың Жарлығымен "Ауыл жылы" деп жарияланғанына байланысты "Шұғыла" мәдениет үйінде көптеген мәдени шаралар өтсе, сол шаралардың бел ортасында бала Әміржан жүрді. Бойында әншілігімен қоса, актерлік шеберлігі басым талантты жас осы қасиетті де киелі қара шаңырақта жүріп ысылды, ширады, арманына қанат бітірді. Бұл ретте, менің де Әміржанның талантының ашылуына үлес қосқанымды айта кеткен артық болмас. Кенбай орта мектебінен тоғызыншы сыныпты ойдағыдай бітірген ол, 2004 жылы Атырау қаласындағы Д.Нұрпейісова атындағы өнер академиясына оқуға түсіп, оны 2009 жылы "жақсы" деген бағаға аяқтап шығады.

- Студент бола жүріп, 17 жасымнан театрдағы үлкен кісілердің көзіне түсіп, спектакльдерде берілген рөлдерді сомдап жүрдім. Қолым бос кезде өнерге бейім әуесқой жастарды, мектеп оқушыларын жаныма жинап алып көшеде, парктерде өзіміз дайындаған әр түрлі тақырыптардағы көріністерді қойып жүрдік. Алдымыздан талай қиындықтар да кездесті. Бірақ, жігерлі жастықтың арқасында мойымай, күндіз-түні тыным таппай ізденіс үстінде болдық. Дайындалатын орынды да жалға алатынбыз. 2010 жылы театрымыздың іргетасын бірге қалаған, мамандығымыз да бір Гүлнұр атты ару қызға үйленіп, бұл күнде Аяжан, Айнамкөз, Аянат есімді сүп-сүйкімді бүлдіршіндердің әкесі атандым. 2014 жылдан бастап, елдің көзіне түсіп, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының жанынан жастар театрын құрдық. Шығармашылық қоржынымызда "Хат тасушы", "Жәннат", "Үйлену оңай", "Алғашқы махаббат", "Жанпида" тағы да басқа бірнеше қойылымдарымыз бар. 2017 жылдан Атырау облыстық жастар саясаты басқармасы қолдау білдіріп келеді. Елбасымыздың биылғы жылды "Жастар жылы" деп жариялағаны біз үшін де оң әсерін берді. Президент сайлауына белсене араласқаным үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мырза қабылдауына шақырып, Президенттің "Алғыс хатын" тапсырғаны - әр жылдарда алып жүрген марапаттардан өзгеше әсерге бөледі. Сонымен қатар, облыс әкімі көмек қолын созып, арнайы штат беріп, алдағы уақытта өз алдымызға ғимаратымыз болатынына уәде етті. Күні кеше Еуропа елдері арасында өткен халықаралық фестивальге қатынасуға шақырту алғанда қуанышымда шек болмады. Неге десеңіз, бұл фестиваль менің көптен күткен арманым еді және біз бұл шақыртуға Қазақстан елінің атынан қатынастық. Осындай халықаралық үлкен шараға қатынасуымызға Атырау облысының әкімдігі қолдау көрсетті. Әлемнің әр елінен келген қазылар алқасының мүшелері өңкей мықтылар еді. Олардың ішінде продюсер мен хореограф, кәсіби музыканттар мен қыл қалам шеберлері, суретшілер бар болатын. Біздің Атырау жастар театрының барлық қойылымдарында өзіндік қолтаңбасы бар облысқа танымал, үлкен дарын иесі режиссёріміз Мұқанғали Томановтың дайындаған "Затмение" атты антидрамасын Испанияның Ллорет де Мар қаласында өткен "Theatrical Talents" халықаралық фестивалінде сахналадық. Еңбегіміз барынша әділ бағасын алып, жүлделі "Гран Приге" қол жеткіздік. Қазылар алқасының төрағасы - Мартин Перафефер бізді келесі жылдың жаз айында өтетін "FITAG - 2020"фестиваліне шақырса, "Фиесталония Миленно" ұйымының президенті Давид Джапаридзе Италия, Грузия, Франция елдерінде өтетін фестивальдерге қатынасуға ниет білдірді. Биылғы "Жастар жылының" біз үшін берер сыйы мол болды. Жақында "Nur Otan" партиясы Атырау облыстық филиалының ұсынысы бойынша "Жылдың үздік спикері" атандым және мен жетекшілік ететін жастар театры "Жылдың үздік жобасы" деген марапатқа ие болды. Мен үшін бұл еңбегімнің жанып, еленгені деп білемін. Алдағы уақытта да халқымды өнерімізбен сусындатып, шығармашылығымды шыңдай түсемін,-дейді Атырау жастар театрының жетекшісі Әміржан Нұрланұлы.

Иә, ауылдан ұшқан кішкентай ғана жас өрен қанатын қомдап, алысқа ұшып, биіктерді бағындырғаны - ауылдастарының мерейінің тасығаны емес пе?! Халқына - қалаулы, еліне - елеулі - Нұрлан мен Нұрлыдай ата-анасының тәрбиесін көріп өскен, бала кезінен өнер десе ішкен асын жерге қоятын жерлесім, шәкіртім - Әміржанның қуанышын өздеріңізбен бөлісуді жөн көрдім, ағайын!

Сайран БОРАНҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT