Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Қызылқоға ауданына қатысты екінші жартыжылдықта жүргізген камералдық бақылау нәтижелерін жариялады. Тексеру барысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерінде айтарлықтай заң талаптарының бұзылғаны белгілі болды.
Аталған кезеңде жалпы сомасы 467,4 млн теңгені құрайтын заңбұзушылықтарды жою туралы 76 хабарлама жолданған. Бұл дерек бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру кезінде бақылаудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Сатып алу тәсілдері бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде, заңбұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату (БҰС) тәсілімен өткізілген сатып алуларға тиесілі екені анықталды. Аталған бағытта 53 жағдай тіркеліп, бұзушылықтардың қаржылық көлемі 346,7 млн теңгеге жеткен. Бұл жалпы соманың 74,16 пайызын құрайды. Сонымен қатар, бір көзден алу, яғни шартты тікелей жасасу тәсілі бойынша 19 хабарлама жолданып, анықталған бұзушылықтар көлемі 118,5 млн теңгені құраған. Қосымша келісімдер бойынша 3 дерек анықталып, оның сомасы 1,5 млн теңге болған. Ал конкурс пен аукцион арқылы жүргізілген сатып алуларда 1 заңбұзушылық тіркеліп, қаржылық көлемі 750 мың теңгеге тең. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, жолданған хабарламаларда анықталған кемшіліктерді белгіленген мерзімде жою талабы қойылған. Заңнама талаптары орындалмаған жағдайда, жауапты тұлғаларға қолданыстағы тәртіпке сәйкес әкімшілік шаралар қабылданады.
Өз тілшіміз



