Елімізде 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланып, еңбек адамының беделін көтеру, кәсіби білім беру және еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша оқытуды жетілдіруді алға қойып, жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға, жастарды осы салаға тартуға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлауға бағытталса, бүгінгі күні біз үшін тағы да қуанышты жаңалық болып отыр.
Осы жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде ТжКББ «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен 2 қазан - Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жұмыскерлері күні деп белгіленіп, республикамыздағы кәсіби мерекелер тізбесіне енгізілгендігі.
Биыл елімізде бірінші рет аталып өтетін мерекені барлық өңірлерде ұйымдастыру мақсатында «2 қазан - Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні» кәсіби мерекесін 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында атап өту тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) бекітілді. Тұжырымдамаға сәйкес Қазақстанның барлық өңірлерінде 23 қыркүйек пен 2 қазан аралығында облыста Техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлері күніне арналған он күндік марафон «ТжКББ жүйесінің беделін арттырып, жұмысшы мамандықтарының маңызын көрсету» мақсатында ұйымдастырылып өтуде.
Он күндік марафон ауданымыздағы жұмысшы мамандықтарын дайындайтын Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінде «ТжКББ бірыңғай миссиясы мен құндылықтар кеңістігін қалыптастыру, педагогтер мен студенттерді жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру» идеясы төңірегінде біріктіру, ТжКББ-ң экономиканы, қоғамды дамытудағы стратегиялық жолын айқындау мақсатында іс-шара жоспары жасақталынды. Марафон «Елдік челлендж» құттықтаулар жобаларымен басталып, «Алғыс алаңы», «Бір шебер-жүз бейне» бейнежобасы, «Білім алмасу», «Шеберлік құпиялары» шеберлік сыныптары мен «Студенттер мен Педагогтер» шығармашылық спорттық марафоны, "PROF Марафон: Мейірім» әлеуметтік жобасы, «Еңбек аллеясы» жобасы, «ТжКББ жүрегі» флешмобы, «Кәсіп - менің тағдырым» бейнежобасы мен «Болашаққа хат» мәдени- тарихи жобалары топ кураторлары мен Гаухар Боранқызының ұйымдастыруымен жоспарлы түрде жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жұмыскерлері күні – еліміздің өндірісі мен экономикасын дамытатын білікті мамандар даярлап жүрген барша әріптестеріміздің қажырлы еңбектерін бағалайтын, әсері мен толғанысы айғақ күн. Бұл- жастарға сапалы білім мен кәсіби дағды беруге, еліміздің болашағы үшін білікті ма - мандар даярлауға үлес қосқан техникалық және кәсіптік білім беру қызметкерлерінің еңбегін дәріптейтін ерекше мереке. Осы мереке қарсаңында жыл- дар бойғы тынымсыз еңбектің арқасында мыңдаған жастардың өз жолын тауып, еліміздің дамуына улес қосып жүрген барша сала ардагерлеріміз бен әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтағым келеді.
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз жастарға бағыт- бағдар беріп қана қоймай, болашаққа сенім мен қадам басуға, нағыз кәсіби тұлға бо - лып қалыптасуға жол ашатыны анық. Кәсіптік білім саласындағы заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күші сіздер мен біздер, ендеше бұл маңызды да күрмеуі қиын жолдағы шешуші рөл сіздерге ғана тиесілі!
Денсаулықтарыңыз мықты, жүздеріңіз жарқын, ғұмырларыңыз ұзақ та мағыналы болып, әрқашан мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын!
Алмагул АБДРАХМАНОВА,
Индер көп бейінді ауыл шаруашылық колледжі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары