Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Құмар ойнап, құрдымға кетпе

Жалпы құмар ойыны десе ішкен асын жерге қоятындар көп. Бар ақшасынан сыпырылса да шекесіне тимейді, ертеңіне біреуден қарызға алып қайтадан сол жерден табылады. Өз ақшасына қоса қарызға алған қаражатты ұтқызғаннан соң, «осыны қояйын, тапқанымды отбасыма, пайдалы нәрсеге жаратайын», деп ойламайды.

Ғайыптан тайып жіберген ақшасын қайтарып, берешектерінен құтыла  қалса, енді бұған жоламаймын  деп безіп кетуді де білмейді. Сабы маңдайына тиетінін ойламай тырманың басын қайта-қайта баса береді. Әбден тақыршаққа отырғанша, мал-мүлкінен, үй-жайынан, отбасынан айырылғанша жүреді. Сонда барып, тілін тістейді. 

Маскүнем арақ десе бәрін ұмытса, нашақор есірткісіз өмір сүре алмаса, құмар ойынына берілген адамның да тоқтауы қиын. Бірден өзін қолға алмай, «кез-келген уақытта қоя аламын», деп ойласа, оның батпағына тартылып кеткені. Лудомания ұйып отырған қаншама шаңырақты ортасына түсіріп, талай баланы тірі жетім етуде. Құмар ойынына салынғандардың ішінде бұзылған ұясын қайта қалпына келтіруге тырысатындар сирек. Көбі: «Қайда барар дейсің?! Бір күні мол ақша ұтып, байып кетемін. Сонда әйелім мен балам қайта оралады», деп жүре беретін сияқты. Кейбіреулер құмар ойынын тер төкпей ақша табудың оңай жолы деп санайтын шығар. Алайда, өмірде бәрі керісінше болып та жатады. Қолда барынан айырылып, қаңғып қалып, араққа салынып, жертөлелерді паналап жүргендердің ішінде құмар ойынына салынып, оңбай қателескендер де кездеседі. Осыдан-ақ, лудомания қақпанына бір түскен адамның қайта шығуы қиын екенін пайымдай беріңіз. Бір мысал келтірейін.

19 тамыз күні  әлеуметтік желіде құмар ойынына салынған құқық қорғау органы қызметкерінің  жауапкершілікке тартылғаны жарияланды.  Қостанай облысының Денисов аудандық соты учаскелік полиция инспекторының ісін қараған. Полиция капитаны 2022 жылдың қазаны мен 2023 жылдың маусымы аралығында түрлі сылтаумен ауылдастарынан қарызға ақша алып, кейбіріне екінші дәрежелі банктерден өз аттарына несие рәсімдетіп, оны букмекерлік конторларда ұтқызған. Оларды букмекерлік конторларда, бес лотерея клубтарында жойған, ара тұра басқа азаматтарға берешегін төлеген. Келтірілген материалдық зиянның мөлшері 31 млн. теңгені құрайды. Сот барысында ол өзінің кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген. Жәбірленушілердің көбі оны бас бостандығынан айырмауды өтінген. Үкім шығарғанда сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін жағдайларды, кінәсін мойындағанын, үш кішкентай баласы барын ескерген. Бірақ, ант қабылдаған тұлғаның құқық бұзып отырғаны да назардан тыс қалмаған. Нәтижесінде сот оны үш жыл бір айға бас бостандығынан айырып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орта дәрежедегі мекемесінде өтеуге үкім шығарды. Сонымен қатар, «полиция капитаны» шенінен айырды. 

Міне, осындай жағдайлар көбейгені сонша, бұл мәселені Президентіміздің өзі көтерді. Мемлекет басшысы  жақын арада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұған дейін Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдаған. Бұл шаралар букмекерлік кеңселерге келушілердің санын азайтуға бағытталған. Заңда құмар ойындарына тәуелді адамдарды оңалту тәртібі де қарастырылған. Әскери және мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарына қатыса алмайды. Олай еткен жағдайда жұмыстан босатуға дейінгі қатаң шаралар қолданылады. Сонымен қатар, жаңа заң байланыс операторларына құмар ойындарға, бәс тігуге арналған жарнамаларды жіберуге де тыйым салады. Қолға алынған бұл шара талайлардың басын жарға соқтырған құмар ойындарына қызығушыларды сабасына түсіреді деген ойдамыз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT