Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Айбыны асқақ мереке

Республика күні мерекесіне орай «Арман» мәдениет үйінде салтанатты жиын болып өтті.

Мерекелік шараны Миялы өнер мектебінің вокал сыныбының оқушылары Әнұранмен ашты. Одан соң мінбеге көтерілген аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Иғали:

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгерістер енгізіп, Республика күнін ұлттық мереке ретінде бекіту туралы Заңға қол қойды. Бұл күн - тәуелсіздікті нығайту жолындағы атқарылып жатқан еңбегіміздің кезекті бір белесін қорытындылайтын мерейлі сәт. Бұл қастерлі де мәртебелі мейрамды бүкіл халық болып елеулі табыстармен, нәтижелі көрсеткіштермен лайықты қарсы алудамыз. Мұндай үрдіс біздің ауданымызда да айшықты көрінісін табуда. Мерейлі мереке құтты болсын! - деген тілегін білдіріп, аудандық мәслихат депутаты Жәнібек Кенжин екеуі қаржы саласының ардагері Қылышбай Қадыровқа «Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстаса, Зейнеш Сарбуфеева, Исламжан Қосжанов, Әбдіғапар Темірханов, Нұргүл Күзембаевалар Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ал «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін «Арман» мәдениет үйінің мәдени және бос уақытты өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Айдарбаева иеленді. Бұдан бөлек «Қызылқоға ауданының әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен ауданның түрлі салада қызмет атқарған зейнеткерлер мен сала мамандары мадақталсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағидолла Яқып Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медалін Жамбыл, Жангелдин, Тасшағыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағаларына табыс етті. Салтанатты шара аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасып, «Ақжелең» халықтық фальклорлық ансамблі «Сал, домбыра», «Желдірме», «Төрткүл түрме» шығармаларын орындады.

Ал, «Ойыл аруы » би тобы «Көшпенділер рухы», «Адай» биін мың бұрала билеп, көрермен кошеметіне бөленсе, «Қазақ елі», «Туған жер», «МЕн сені сүйемән, Қазақстан» әндерін Зәуреш Жұмағалиева, Мейрамгүл Болатқызы, «Арман» квартеті тамылжыта шырқады.

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521