Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚҚС 16% болса, әлеуметтік салық пен зейнетақы жарналарын төлеу өзгеріссіз қалады — Үкімет ұсынысы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматыда бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Кездесуде кәсіпкерлер ҚҚС бойынша тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету және арнайы B2C режимдегі қызмет түрлерінің аясын тарылту мәселелерін көтерді.  Салық төлеушілерді тіркеу үшін реформа шеңберінде белгіленген шек шағын бизнестің одан әрі жұмыс істеуіне кедергі болуы мүмкін екені айтылды. Кәсіпкерлер салықтан жалтару үшін кәсіпорындарын бөлшектеуге немесе қызметінің бір бөлігін жасыруға мәжбүр болады.

— Жыл сайын мемлекет ҚҚС бойынша есепке қоюдың жоғары шегіне байланысты бизнесті бөлшектеуден шамамен 800 млрд теңге табыс салығын жоғалтады. Іс жүзінде бізде орта бизнес бар, бірақ заң жүзінде жоқ. Бұл тетіктер — ҚҚС бойынша есепке қою шегін төмендету және тек қана В2С үшін жеңілдетілген арнайы режим тетіктерін енгізу — кәсіпкерлікке қарсы күрес емес, көлеңкелі экономикаға қарсы күрес. Салық төлейтін адам төлемейтіндермен адал бәсекелесе алмайды. Ал әділ салық салуға ұмтылуда бизнесті жаппай қолдамай мемлекеттік органдар көлеңкелі экономикамен толыққанды күресе алмайды, — деп атап өтті Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.

Еңбекақы төлеу қорына жүктемені азайту бойынша сауалдарға да жауап берілді.

Кәсіпкерлердің әлеуметтік салықты және міндетті зейнетақы жарналарды төлеуін жою бойынша бұрын ұсынылған реформа ҚҚС мөлшерлемесі 20%-ға дейін көтерілген жағдайда жүргізілуі мүмкін еді. Онда мемлекет жұмыс берушінің орнына әлеуметтік аударымдарды жабуға кіріс алады. Бірақ қазіргі нұсқада (16% ҚҚС мөлшерлемесі) әлеуметтік аударымдарды өзгеріссіз қалдыру ұсынылады.

Сондай-ақ кездесуге Қаржы министрі Мәди Такиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов, Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығы, туристік компаниялар және басқа да салалық бизнес бірлестіктері, 50-ден астам ірі және шағын бизнес өкілдері тәуелсіз сарапшылар қатысты.

Кездесуде спорт клубтары, ақпараттық қауіпсіздік, медицина, жеңіл өнеркәсіп, туризм және басқа да салалар бойынша бизнес өкілдері сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғысын білдіріп, барлық ұсыныс салық реформасы жобасын Мәжілістің қарауына шығарар алдында Үкіметтегі жұмыс топтарында қаралатынын атап өтті. 

Айта кетсек, Мемлекет басшысы бизнес өкілдерімен кездесуде қосылған құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуі тиістігін айтқан еді.

Сонымен қатар Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесіне қатысты жаңа ұсынысы туралы жаздық.

Кеше Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мәселеге қатысты пікір білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT