Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда жастарға арнап 300-ден аса іс-шара ұйымдастырылды

Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 17 жоба жүзеге асып, жастардың әлеуметтік деңгейін арттыру мақсатында 196 шара, ал нашақорлық, лудомания, өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу үшін 160 іс-шара өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

 Жалпы қамтылған жастардың саны 25 мыңға жуықтайды. Бұл туралы Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айгерім Досқалиева айтты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім етті. Жастар үшін маңызды тақырыптардың бірі – тұрғын үй. Былтыр «Атырау жастары» бағдарламасы аясында 115 жас, «Атырау Аудан жастары» бағдарламасы арқылы 13 жас баспаналы болды. Өткен жылы облыстағы мансап орталықтарына жұмыспен қамту мәселесі бойынша хабарласқан жастардың саны 26 мыңға жуықтады. Ал олардың жартысынан астамы екі қолға бір күрек тапқан: 9500-ден астамы тұрақты жұмысқа орналасса, 4 мыңға жуығы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыспен қамтылды. 

-    Аудан жастарының әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында былтыр «Ауыл жастарының әлеуметтік белсенділігін дамыту бағдарламасы» жүзеге асып, жоба жеңімпаздарына 1 миллион теңгелік сертификат табысталды. Сондай-ақ өңірдегі шығармашылық жастарға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты табысталды. Ғылым, мәдениет, бизнес, медиа және ақпараттық технологиялар бағытын қамтыған бұл грант атыраулық 10 жасқа бұйырды. Әрқайсысына жобаларын іске асыру үшін 1 миллион теңге көлемінде грант берілді, - деді А.Досқалиева. 

Халықаралық жастар күніне орай «Жастармен бірге» ұлттық жастар онкүндігі ұйымдастырылып, шығармашылық, танымдық, зияткерлік және спорттық бағытта 20 шақты ауқымды іс-шара өтті. Онкүндік қалалық әкімдікпен бірлескен Atyrau Jastar Fest мерекелік кешімен қорытындыланып, алаңға 10 мыңға жуық көрермен жиналды. 

Өткен жылы күзде халықаралық Saraishyg upgrade 2024 жастар форумы өтті. Оған Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мен еліміздің 7 өңірінен  келген 300 азамат қатысты. «Кинематография», «Маркетинг», «Музыка», «Театр», «Хореография», «IT және жасанды интеллект» бағыты бойынша республикаға танымал мамандар оларға өз тәжірибесімен бөлісті. Белсенді қатысушыларға 2 миллион теңгелік сертификат табысталды. 

Өткен жылдың статистикасына сүйенсек, Атырау облысындағы жас тұрғындардың саны 208 мыңнан асады. Ал 16-34 жас аралығындағы экономикалық белсенді жастардың саны 157 мыңға жуықтайды. 10 605 адам NEET жастардың санатына еніп тұр.

Сәуле МАҒАУ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT