Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халық қамқоршысы...

Қазақ халқы үшін дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, философ Абай. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қойған жоқ, сонымен бірге өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдық пен шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы.

Қазақ даласында небір үлкен тұлғалар өмір сүрген, бірақ та дәл Абайдай өз заманына дейінгі дала данышпандарының даналық мәйегін меңгерген, бүкіл көшпелілер дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көреген ойының мүмкіндіктерін танытқан, сол арқылы бүкіл адамзат санасының дамуына айрықша үлес қосқан дара тұлға болған емес. Ұлы ақын шығармаларының әрбір сөзі терең мағыналы, құнын жоғалтпайтын өміршең шығармалар. Ол өзінің шығармаларына «сырты күміс, іші алтын» сөз жақсысын таңдай білген. Ақынның шығармалары өз дәуірінде қалай оқылса, қазіргі таңда да сұранысқа ие, ескірмейтін мәнді туындылар. Ол қазақ әдебиетіне жаңаша леп әкеліп, жаңа бағытта дамытушы.

Ақын мұрасының өзінен кейінгі ұрпаққа берер пайдасы туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, Абайдың шығармаларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы» деген пікірін білдіреді. Ұлы ақын өз шығармаларында халықты ғылым мен белсене айналысуға үндеді. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды. Сонымен қатар, қараңғылықтан шығар, елді өркениетке жеткізер жалғыз жол – оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді. Ақынның мол әдеби мұрасы тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасы. Өскелең ұрпақ үшін де шығармалары өміршеңдігін жоймайтын, дүние жүзі мойындаған қазақ халқының бойтұмары.

Сондықтан да, ұлы ақынның шығармаларын оқып, өлеңдерін жаттап, қара сөздерінің мағынасына тереңінен зерттеп, көкке көтеруіміз керек.

Гүлшара САРЫ,

Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебі директоры,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT