Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Халқына қадірлі Хамекең еді...

Бабаларымыз «Бес күн жалған» деп баға берген бұл дүниеде ешкім де мәңгі қалмақ емес. Небір жақсы мен жайсаңдарымыз өткен жалған өмірден жақында тағы бір елге тұтқа боларлық тұлға өтті.

 

Ол – жерлесіміз, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, ауданның Құрметті азаматы Хамит Әубәкіров еді. 1945 жылы Қызылқоға ауданының Жасқайрат елді мекенінде дүниеге келген ол жастайынан қағаз бен қаламға үйір болып өсті. Әдебиетті жанындай жақсы көргені соншалықты мектеп қабырғасында жүріп қазақ, орыс классик жазушыларының шығармаларын тауыса оқып шығады. Әдебиеттен шабыт алған оқушы Хамит өзі де шимайлап өлең, эссе, мақала жазып аудандық «Коммунизм туы» газетіне жіберіп отырды. Мектеп қабырғасында жүріп көптеген оқушыға үлгі болған жас ақын тырнақалды туындыларымен ауыл-аймаққа танылып, шыға келді.

Мектеп бітіре сала арманы асқақ Хамекең бірден Алматыға жол тартып Алматы мемлекеттік шетел тілдері институтының ағылшын тілі факультетіне оқуға түседі. Ол заманда Алматыда оқу екінің бірінің қолынан келе бермейтін, абыройлы іс болатын. Қазіргідей ұялы байланыс, жүрдек пойыз тағы жоқ. Соған қарамастан барлық қиындыққа шыдаған Хамит Әубәкіров оқуын абыроймен аяқтап, 1968 жылы Жетібай поселкелік орта мектебінде мұғалім болып жұмыс жасады. Артынша әскер қатарына алынып, тағы да туған жерден жырақта екі жыл әскери борышын өтеп қайтты. Осылайша ол бұрынғы еңбек еткен «Коммунизм туы» қазіргі «Қызылқоға» газетіне келіп, қатардағы әдеби қызметкер болып орналасады. Осында қатардағы әдеби қызметкерліктен редактордың орынбасары, бас редактор қызметіне дейін өсіп, газет бетінде өшпестей қолтаңба қалдырды. Артынша, дәлірек айтқанда 1979 жылы Қызылқоға аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырылады. Осылайша ел басқару ісіне араласқан ол партия, кеңес қызметінде де жақсы қырымен көзге түседі. Осыдан кейін Хамекеңнің қызметте өрлеу жолы басталды. 1985 жылы аудандық партия ұйымы партиялық комиссиясының төрағасы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, бюро мүшесі болып сайланады. Сонымен қатар, Қызылқоға  аудандық  кәсіподақтар кеңесінің жауапты хатшысы, аудан әкімі аппаратының референті, іс басқарушысы, аппарат басшысы сияқты жауапты жұмыстар атқарып, аудандық мәслихаттың депутаты болып және аудандық мәслихаттың хатшысы болып сайланады. 1999 жылға дейін түрлі басшылық қызметте болып, қиын кезеңдерде шалғай ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлесін қоса білді. Қанша жерден басшылық қызметте болса да журналистикаға бүйрегі бұрып тұратын ол кейіннен облыстық «Атырау» газетіне ауысып, зейнетке шыққанша сол жерде табанды еңбек етті.

Көпшілік әріптестері Хамекеңнің еткен еңбек, жасаған қызметімен қоса шығармашылығын да өте жоғарты бағалайды. Оның қаламынан туындаған лирикаға толы махаббат жырлары, арнаулар мен эссе-өлеңдер, ақжарма тілектен туындаған тілек-жырларды көпшілік оқырман ерекше ықыласпен оқитын. Кейіннен жазған өлеңдері мен зерттеу мақалалары «Сырлы әуендер», «Сырлы әлем», «Сырлы тағылым», «Отан үшін от кешкен» деген тақырыптағы кітаптарға басылып, көпшілік оқырманға жол тартты. Жастайынан өлең ауылына ат байлаған оның бір кездері ақындар айтысына қатысқандығын бірі білсе, бірі біле бермес. Сағыздағы Ленин атындағы кеңшардан шыққан Мәркиза Базарбайқызымен болған айтыста ол Мұқырдағы «Гурьев» асыл тұқымды қаракөл қой кеңшарының атынан шығып, екеуі делебе қоздырар керемет айтыс жасаған. Бұл туралы журналист Ағиба Қатешова Хамит Әубәкіровтің 70 жылдық мерейтойына орай Атырау газетіне шыққан «Дүние тұнып тұрған сырға толы» атты мақаласында кеңірек тоқталып өтті. Жетпіс бес жыл саналы ғұмырында еткен еңбек, төккен тер өз нәтижесін беріп, «Еңбек ардагері» медалімен наградталып, «Қазақ журналистикасының қайраткері» атанды. Осылайша саналы ғұмырында артына сайрап жатқан із қалдырып, талай белестен өткен Хамекең биылғы жылдың шілде айында дәм-тұзы таусылып, өмірден өтті. Осы орайда, аудандық «Қызылқоға» газеті ұжымы байырғы әріптес, газет ардагері, ауданның Құрметті азаматы Хамит Әубәкіровтің отбасы мен туған-туысқандарына қайғыра көңіл айтады.

Дулат БЕРІК

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521