АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазіргі таңда Қазақстанның бірқатар мұнай кен орындарында инновациялық әдістер табысты түрде іске асырылып жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласында өткен мұнай өндіруді арттыру әдістеріне арналған халықаралық семинарға ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек қатысты.
Сондай-ақ шараға еліміздегі мұнай кен орындарын игеруші компаниялар, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, сондай-ақ жабдық пен химиялық реагенттер өндірушілер, лицензиясы бар технология иелері мен әлемдік жетекші сарапшылар жиналды.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда мұнай өндіру көлемін арттыруға арналған заманауи технологиялар қолданылып келеді. Сонымен бірге министрлік бұл шешімдерді өнеркәсіптік деңгейде енгізуге жан-жақты қолдау көрсетуге әзір.
— Бүгінде Қазақстанның бірқатар мұнай кен орындарында инновациялық әдістер табысты түрде іске асырылып отыр. Қаламқас және Шығыс Молдабек кен орындарында полимерлі айдау бойынша оң нәтиже бар. Қазіргі уақытта бұл технология елдегі ең көне Өзен кен орнына бейімделген, — делінген ақпаратта.
Айта кетейік, семинарға отандық және халықаралық ғылыми орталықтардың, өндірістік кәсіпорындар мен сарапшылардың қатысуы өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Ведомство барлық ұсыныстарды жан-жақты зерделеп, перспективалы жобаларға қолдау білдіруге дайын.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде мұнайды терең өңдеу 94 пайызға жететінін айтқан болатын.