Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап, маңызды мәселелерді көтереді. 2025 жылға арналған Жолдауында да жұмысшы мамандықтарының маңызы ерекше атап өтілді. Әрине, бұл мамандықтар еліміздің экономикалық қуатын арттыруда, өндірістік саланың тұрақтылығын қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады.
Жолдауда айтылғандай, Қазақстанның экономикасы тек қана ірі кәсіпорындар мен инвесторларға ғана тәуелді болмауы керек. Бұл үшін елімізде орта және кіші бизнес дамуы қажет, ал бұл жұмысшы мамандықтарының қажеттілігіне алып келеді. Әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, өндірістік секторлар мен инфрақұрылым саласында жұмысшылардың рөлі маңызды.
Қазақстандағы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мен дамытудың негізгі бағыттары ретінде арнайы білім беру жүйелерінің құрылуы мен олардың сапасын арттыру, жұмысшы жастарды ынталандыру және олардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелері аталды.
Президенттің 2025 жылғы Жолдауында жұмысшы мамандықтарының ел экономикасындағы маңызды рөлі мен олардың болашағы туралы айтылған ойлары еліміздегі жұмысшы мамандарды қолдаудың маңызды екенін көрсетеді. Қоғамдық-экономикалық дамудың барлық деңгейінде жұмысшы мамандықтары жоғары бағалануы тиіс, себебі олар өндірістік процестердің тиімділігін қамтамасыз етеді және еліміздің экономикасын тұрақты дамытады.
Р.САЛАУАТОВ