Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды»

«Халықтың әл-ауқатының сапасы – басты көрсеткіш» атты Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл халқының тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге мән беруді тапсырған еді. Әсіресе, «Қазпошта» арқылы атқарылатын қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмау маңызды екенін атап өтті.

Соңғы жылдары елімізде пошта қызметінің бағыты мен бағдары кеңейіп, ауқымы арта түскендей. Әсіресе, алыс-жақын шет елдерден жедел тапсырыс жеткізу қызметіне жүгінетіндер саны артып келеді. 2023 жыл елімізде көршілес Қытай шекарасынан Қазақстанға жүк та­сымалдайтын көлік саны екі есеге артқаны айтылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов «Қазпошта» АҚ- ның бас директоры Әсел Жанасоваға көрсеткішті қысқа мерзімде тағы да арттырып, әкімшілік процестерді жеделдетуді тапсырған еді. 2024 жылы «Қазпоштаның» бас дирек­торы Қытайға арнайы іссапармен барып, екі ел арасындағы тауар та­сымалдау қызметіндегі бірқатар мәселелерді реттеп, жеткізу уақытын оңтайландырып келді. Яғни бұрын Қытайдан сәлемдемеңіз бір айда кел­се, қазір 14-15 күнде жеткізіліп жа­тыр.

Жалпы пошта қызметі бүгінде негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жасауда. Олар: пошталық, агенттік және қаржылық. Пошталық қызметке аты айтып тұрғандай, хат- хабар жеткізу, газет-журналға жазы­лу, сәлемдемелерді қабылдау, алыс- жақын аймақтардан, оның ішінде шет мемлекеттерден де тапсырыспен алдырту процестері бар. Қаржылық бағытына барлық төлемдер мен аударымдар, салықтық төлемдер кіреді, ал агенттік бағыты бойынша несие рәсімдеу, депозит ашу сынды қызметтерді де пайдалануға болады.

-Мемлекет басшысы ауыл- аймақтардағы пошта қызметінің жергілікті әкімдікпен байланысын нығайту керек деген еді. Қазіргі таңда ауыл-аймақтарға қатынауда қиындықтар болып жатқан жоқ. Жолдар тегіс, қызметтік көліктер де уақытымен келіп жатыр. Бұрын осы шалғай ауылдарға, бөлімшелерге хат- хабар жеткізуде көлік мәселесі туын­дап, жергілікті әкімдіктің көмегіне жүгінгенбіз талай мәрте. Қашанда әкімдер мен атқарушы орган бас­шылар көмек қолын созуға дайын тұрады. Соңғы жылдарда жағдай оңтайланып, барлығы қолжетімді бола бастады. Сонымен қатар, қазіргі таңда пошта арқылы ауыл-аймақ ғана емес, шетелдерден зат алдыру өте тиімді жұмыс жасап тұр. Қазақстан аумағындағы қалаларды қоспағанда Қытайдан, Америкадан, Германия- дан, тіпті Оңтүстік Кореядан да сәлемдеме алдыруға мүмкіндік бар. Онлайн дүкендердің дамыған зама­нында сапалы, таңдаулы дүниелерді шет елден еш қиындықсыз алды­руды осылай жеңілдетіп отырмыз,- дейді Махамбет аймақтық пошта бөлімшесінің басшысы Гүлфайруз Өтепқалиева.

Айшылық алыс жерлерден же­дел сәлемдеме жеткізетін пошта қызметіндегі оң өзгерістер ауылдағы ағайынның қолын ұзартып отырғаны рас. Бүгінде онлайн дүкендер арқылы тапсырыс беріп, тауар сату кәсібі кең етек жаюда. Ірілі-ұсақты дүкені бар кәсіпкерлерден бастап, әсіресе, үйдегі бала күтімімен отырған әйелдердің өзі сауданы осылай дамы­тып отыр. «Қазпоштаның» жеткізу құны мен уақыты да халық үшін әлдеқайда тиімді. Әйтсе де онлайн сауданың оңай жолынан бөлек, алаяқтық мәселесі де осы тұста қылаң бермей қоймайды. Тауарға ақша салып, тақырға отырып қалып жатқан қазақстандықтардың нақты саны да белгісіз. Осы ретте по­шта бөлімшесінің басшысы да тұрғындарға алдын ала тексеріп, сенімді дүкендерден ғана тапсы­рыс беруді ескертіп отыр. Ал Temu, Pinduodo сынды қытайлық таны­мал сайттарға келсек, олар өзімен келісімшарт жасаған «Қазпошта» арқылы затын 15 күнде Қазақстанға жеткізіп отыр. Махамбет аудандық аймақтық пошта қызметінің өзінде ауыл-аймақтарға бөлінген 7 бөлімше бар. Солардың барлығы да пошта қызметі қарастыратын 3 бағытта жұмыс жасайды.

Бұрын бала күнімізде ауылдағы ата- әжемізге ілесіп, поштаға баратынбыз. Әр айда түсетін зейнетақысы мен газетін алып, қариялар арқа-жарқа болып қайтатын. Поштасыз ауылды елестету мүмкін емес секілді. Техно­логия қанша дамыса да, пошталық қызметтер өз маңыздылығын жойған жоқ. Бір ғана сәлемдеме жеткізуде тек жылдамдықты ғана емес, қауіпсіздік мәселесін де бірінші орынға қойып отырған «Қазпошта» жүк тасымалдайтын жеке карголар­дан әлдеқайда сенімдірек деп ой­лаймыз. Бүгінгідей алаяқтық өршіп тұрған уақытта жекелеген курьерлік қызметтерге жүгіну қаншалықты қауіпсіз екені белгісіз. Жалпы әлемде ең алғашқы пошта қызметі 1911 жылы 18 ақпан күні тұңғыш рет әуе арқылы іске қосылған екен. 1916 жылы ағылшын кәсіпкері пошта арқылы 80 мың кірпіш тасымалдаса, Үндістанның Аллахабада қаласынан шыққан ұшақ көрші Наиниге алты мыңнан астам хат жеткізген. Бір ғасырдан астам уақыт адамзаттың тасымалдау қызметін атқарып келе жатқан пошта қызметі халық үшін қашанда қолжетімді бола берсе дейміз.

А.САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT