Атырау қаласы аумағында ағымдағы жылдың 20 мамыр мен 20 маусым аралығында республикалық деңгейде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол жүрісі ережелерін бұзатын жүргізушілерді анықтау және жол қозғалысы қатысушылары арасында тәртіп орнату.
Іс-шара барысында Атырау қалалық полиция басқармасының Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Көлікті бақылау инспекциясының мамандарымен бірлесіп, заңсыз жолаушы тасымалдау фактілерін анықтау бағытында рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Нәтижесінде, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзған бірқатар жүргізушілерге қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды жол қауіпсіздігін сақтауға, заң талаптарына бағынуға, көлік жүргізу кезінде аса мұқият болуға және өз өмірімен қатар, өзгенің де қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатынын хабарлайды.