ҚР Президенттігіне кандидат Мейрам Қажыкен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында өткен дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шараны кандидаттың Алматы қаласындағы штабы ұйымдастырды. Қатысушылар қатарында құқық қорғау органдары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілдері, сенімді өкілдер мен қоғам қайраткерлері бар.
Тараптар сыбайлас жемқорлықтың Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы кері әсерін, осы құбылысқа қарсы іс-қимыл жөніндегі шетелдік тәжірибені талқылады.
Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінің (CPI) халықаралық рейтингінде Қазақстан төменгі қатарда тұр. 2021 жылдың қорытындысы бойынша әлемнің 180 елінің арасында 102-ші орында болды.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерде Мейрам Қажыкен атақ-даңқына, кім екеніне қарамай, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қатаң жүргізуге ниетті екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Жиында кандидат парақорлықтың, пара берудің, лауазымды тұлғалардың өкілеттіктерін асыра пайдаланудың алдын алу бойынша мәселелер көтерілді. Үміткер нақты заңдар мен ережелер қуатты болмаса құқықтық мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты.
«Қатаң заңдар қажет. Және олар өз күшінде орындалуы керек. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері- әр адамның сана сезіміне, мәдениетіне байланысты. Ал оны жеңу де дәл солай. Тек репрессия арқылы сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес. Халыққа есеп беретін мықты ашық азаматтық қоғам қажет. Яғни мықты азаматтық қоғам, тәуелсіз кәсіподақтар, кәсіпкерлер қауымдастығы және басқа да көптеген ұйымдардың күші бірігу керек. Сонда адамдар мемлекеттің келісімшарттарын, бюджетті, жер учаскелерін бөлу т.б. әрекеттерді бақылай алады», - деді М.Қажыкен.
Әңгіме барысында кандидат «өкінішке қарай, бізде азаматтық қоғам жоқ» деп қосты. Ол тығырықтан шығудың бір жолы ретінде: кәсіпкерлер үлесінің ұлғаюын және мемлекеттің экономикаға қатысын барынша азайту деп санайды.
«Мемлекет үлесін қалай қысқартуға болады? Мемлекеттік органдарды көптеген міндеттерден алшақтату қажет. Бизнестің өзі-ақ шешім қабылдай алады», - деп түсіндірді М.Қажыкен.
Қорытындылай келе, тараптар сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтардың алдын алуға нақты, нәтижелі бастамалар қажет деген ортақ пікірге келді. Яғни сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар заңнама, сот және құқық қорғау жүйелері секілді үш негізгі бағытқа шоғырландырылуы тиіс.
Штабтың баспасөз қызметі