Атырау облысындағы діни ахуал тұрақты. Бүгінде аймақта 67 діни бірлестік пен олардың филиалдары ресми түрде жұмыс істейді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қаһарман Мұсаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, өңірде 53 исламдық, 3 православтық, 3 католиктік, 7 протестанттық және 1 кришнаизм бағытындағы діни ұйымдар тіркелген. Бұдан бөлек 63 ғибадат үйі мен 24 намазхана жұмыс істейді.
– Қазіргі уақытта облыс аумағында 15 мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар діни әдебиет пен дүниелерді сатуға арналған арнайы 34 сауда нүктесі жұмыс істеп тұр. Жалпы діни бағыттағы қызметтерді заң аясында үйлестіру, конфессияаралық келісімді сақтау – басқарманың басты міндеті, – деді Қ.Мұсаев.
Облыста ресми тіркелген 18 миссионердің ішінде католиктік бағытта 11, кришнаиттік бағытта 7 өкіл бар. Олар: Польша, Литва, Словакия, Филиппин, Украина, Ресей және Қазақстан азаматтары.