Индер ауданында 26 сәуір – Халықаралық ағаш егу күніне орай «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды ағаш отырғызу шарасы өтті, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Экологиялық мәдениетті арттыру және аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ұйымдастырылған шара барысында Индер ауданы бойынша 300-ге жуық әртүрлі тал көшеттері, сондай-ақ Бөдене ауылдық округінде 300 түп жеміс ағаштары отырғызылды. Жаңа отырғызылған көшеттер болашақта ауылдың экологиялық ахуалын жақсартуға және жасыл желекті аумақтардың көлемін ұлғайтуға үлес қосады деп күтілуде.
Сонымен қатар Индербор кентінің басты көшелерінің бірі – Махамбет көшесінің бойындағы бұрын отырғызылған 200 тал көшеттеріне күтім жасау, суару және түптеу жұмыстары жүргізілді.
Аталған шараға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар, еріктілер, мектеп оқушылары және ауыл тұрғындары белсене қатысып, барлығы 400-ге жуық адам жұмылдырылды.
Айта кетейік, Индер ауданында жыл сайын көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бастама аудан халқының экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, болашақ ұрпаққа көркейген жасыл орта қалдыруды мақсат етеді.