Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Газет оқырманымен көрікті

«Газеттің ісі бір күндік – сөзі мың күндік» дейді халқымыз. Расында да, бүгінгі заман талабына сай әлеуметтік желілер дамып жатса да, билік пен бұқара арасында алтын көпір бола білген газеттің орны бөлек.

Осы ретте, аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев, аудандық пошта байланыс торабының бастығы Роман Кәдірғалиев, «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеновтер 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына газет-журналдарға жазылудың басталуына байланысты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында, Қызылқоға, Жамбыл, Тасшағыл, Көздіғара ауылдық округтерінде болып, қатаң санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Онда алдымен сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жарас Есенғалиев:

- Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, газет – халықтың үні, тілі һәм құлағы. Несін жасырайық, бүгінде халықтың арасында «Газет неге керек? Қазір бәрін ғаламтор беттерінен оқып аламыз» деген қасаң пікір қалыптасты. Әйтсе де, сол ғаламторда көбіне-көп нақтыланбаған ақпараттар беріліп, елді әуре сарсаңға салатынымыз анық. Ал, газет әрбір мәліметті жан-жақты сараптап, зерделейді. Сондықтан, газеттің жөні бөлек. Бұл бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараны байланыстыратын алтын көпір. Әрі тәрбие құралы. Біздің нақты дәлелденген ақпараттарымыздың барлығы осы газет бетіне шығады. Ендеше, баршаңызды күнделікті газет оқып, баспасөзге жазылу науқанына белсене атсалысуға шақырамын, -деді.

Шара барысында, аудандық пошта байланыс торабының бастығы Роман Кәдірғалиев өз мекемесінің халыққа қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталса, «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисенов газеттің бүгінгі бет-бейнесі мен тыныс-тіршілігін тілге тиек етті. Оқырмандар тарапынан сөз сөйлеген еңбек ардагері Қойшыбай Дәулетов, Тасшағыл орта мектебінің директоры Ләззат Ақтажиева, Көздіғара ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Ерекеновтер алпыс жылдан астам тарихы бар «Қызылқоға» газетінің заман талабына сай форматының өзгергендігі, газет бетінде мазмұнды, жан-жақты сарапталған материалдардың көптігі көңілге қуаныш ұялататындығын жеткізіп, алдағы уақытта да жазылатындығына сендірді.

Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT