26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейімен бірлесіп, жасөспірімдер арасында облыстық көрме байқауын өткізді.
Жастарға есірткі мен психобелсенді заттардың зиянын түсіндіруге бағытталған бұл көрме-байқауда Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі полиция капитаны Есенжан Арысов нашақорлықтың алдын алу шаралары туралы кеңінен әңгімеледі. Ол заманауи синтетикалық есірткінің таралу қаупін, қоғамға тигізетін зардаптарын және жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жолдарын қатысушыларға жан-жақты түсіндірді. Шара соңында тәртіп сақшысы көрме жеңімпаздарын марапаттап, естелік сыйлықтарын тарту етті.
- Нашақорлық – қазіргі қоғам үшін ең қауіпті мәселелердің бірі. Есірткі адам денсаулығына, әсіресе балалар мен жасөспірімдерге өте зиян. Сондықтан біздің мақсатымыз – салауатты өмір салтын дәріптеп, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, – деді Есенжан Арысов.