Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

Ақтөбе-Лаэти қалашығы ашық аспан астындағы мұражайға айналады

XIII-XV ғасырға тән бұл шаhар Атырау қаласы Томарлы ауылынан шығысқа қарай екі километр қашықтықта орналасқан. Былтыр 53 га жерге облыс әкімдігінің қолдауымен толықтай қоршау салынды. Болашақ музейдің құжаттары дайын, бүгінде жасалатын жұмыстың ғылыми-жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, бюджетке өтінім берілді.

Бұл туралы Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асады. Алғашқысында кіреберіс жерге әкімшілік ғимарат салынып, 2018-2019 жылдардағы қазба жұмыстары кезінде табылған ескі қалаға ғылыми-реставрация жұмыстары жүргізіліп, үстіне жабынды салынады. Абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі деп жоспарлануда. Алдағы уақытта бұл жерге  Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі  Татарстан Республикасының Халиков атындағы Археология институты және  Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтымен бірлесіп, халықаралық  ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізбек, - деді Т.Достыбаев.

Биыл бұл жерде облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тапсырысымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдарымен 500 шаршы метр аумақта археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр.  

-    Қазба жұмыстары 10 маусымда басталды, қазір он шақты адам жұмыс істеуде. Ақтөбе-Лаэти қалашығы — Алтын орда дәуіріне тән қала. Бұл жерде қолөнер бұйымдары, қару-жарақтар, қыш пен керамикалық ыдыстар жасалған.  Оған дәлел — мұнда табылған шеберханалар. Бұл басқа қалаларға қарағанда жақсы сақталған. Шаһардың тарихына тоқталсақ, ондағы тіршіліктің тоқтап қалуына байланысты ғалымдар арасында түрлі себеп болжанып, түрлі пікір айтылады. Бірі тұрғындардың су басу салдарынан көшіп кеткенін айтса, енді бірі жорықты себеп етіп отыр, - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің аға оқытушысы Амангелді Зайнов.

Қазіргі археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде күйдірілген кірпіштен қаланған пештің орны, бірнеше бөлме мен олардың ішінде шаруашылық мақсаттағы орындар анықталды. Сол орыннан биіктігі бір метрге жуық үлкен хум ыдыстар табылған. Бұл ыдыстардың ішінде азық-түлік сақталғаны белгілі болды: зерттеушілердің айтуынша, бір хум ыдыстан балық қалдықтары табылған. 

Сонымен қатар қазба барысында мыстан жасалған тиындар мен қола бұйымдар да шықты. Ерекше олжа ретінде ортағасырлық қалаларда бүтін күйінде өте сирек кездесетін «тағара» атты керамикалық ыдыс табылып отыр. Бұл жәдігер археологиялық тұрғыдан аса құнды әрі ғылыми маңызы зор артефакт саналады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT