Тағдырдың тауқыметіне тап келген мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірге бейімделуі де, өнерде өздерін көрсетуі де оңай емес. Мұның барлығы үлкен қамқорлықтың, зор қолдаудың, тынымсыз баулудың арқасында ғана іске аспақ.
Бүгінде оларға мемлекет тарапынан көптеген қолдау мен қамқорлық көрсетіліп келеді. Қоғам арасында өзін еркін ұстау, адамдармен қарым- қатынас құруда ашықтық пен сезімталдықты қалыптастыра білген мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсара түскен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, еліміздің түкпір-түкпірінде оңалту және бейімдеу орталықтары ашылып, қызмет етуде. Ауданда да 18 жасқа дейінгі балаларды бейімдеуге арналған жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымның күндіз болу бөлімшесі жұмыс жасайды.
- "Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулығымызға байланысты" деген екен данышпандар. Адам баласы үшін денсаулықтан бағалы нәрсе жоқ екендігі айтпасақ та түсінікті. Денсаулық жоқ жерде, өмір сүруге, армандауға, алға ұмтылуға құлық болмайды. Алайда, түрлі тағдыр бар. Кейбіреуі туғанынан, енді біреулері оқыс апаттан мүгедек болып қалған жандар қаншама?! Оның ішінде, ерекше балалардың қоғамға бейімделуі, көзқарастарын өзгерту үлкен күшті қажет етеді. Осы орайда, біздің орталық үздіксіз жұмыс жасап келеді. Қазіргі таңда 27 ерекше бала бар. Бөлімшеде әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, психолог, дефектолог, логопед, сылап-сипау мамандары, емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, тәрбиешілер қызмет алушы балалармен жұмыс жасайды.
Айта кету керек, балалардың қоғаммен байланысып, денсаулықтарының қалыпқа келуіне жағдай жасау мақсатында жыл басында «Аспалы жүгіру жолағы», «Шагун» серуендеу спорттық құрылғы, оңалту баспалдақтары, тағы да басқа әртүрлі жаттығу құралдарына тапсырыс берілді. Бүгінде солардың алғашқы легі орталыққа келуде. Сонымен қатар, «Бағалы Алакөл», «Жайық Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің демеушілігімен екі тұтқасы бар есу машинасы мен балаларға арналған жүгіру жолағы Сағыз және Миялыдағы бөлімшеге жеткізілді. Қазіргі таңда балалар аталған құралдармен жаттығуда. Әрине, балалардың денсаулығын қалыпқа келтіру мақсатында жұмыстар әлі де жүргізіле бермек, - дейді жартылай күндізгі стационарлық үлгідегі ұйымының күндіз болу бөлімшесінің директоры Гаухар ҚАНАШЕВА.
Қамкөңіл жандарға қолдау көрсету – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екені айқын. Ендеше, біз мүгедек балалар да өмірден өз орнын табу керектігін ұмытпауымыз керек.
Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА