Тамара Дүйсенова ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова вице-министрлер, ҚР ЕХӘҚМ құрылымдық бөлімшелері, еншілес ұйымдары мен аумақтық департаменттерінің басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді, оның барысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Кеңес басында Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларының әлеуметтік маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы ең төменгі жалақы деңгейін 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін арттыру туралы шешім қабылдады. Бұл 1,8 млн азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, ол ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді. ЕТЖ-нің ұлғаюы қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға оң әсер етеді, өйткені бұл көрсеткіш Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшеріне де әсер етеді. Тиісті құрылымдық бөлімшелерге динамикалық тәсілдемеге негізделген және негізгі экономикалық көрсеткіштерді ескеретін ЕТЖ айқындау әдістемесін әзірлеуге кірісуді тапсырамын», – деді Тамара Дүйсенова.