Аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев Жантерек елді мекенінде де болып, жаңадан салынған бастауыш мектеппен танысты.
Бір өкініштісі - мектептің барлық құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, жылу батериялары жарылып қалыпты. Оны көзімен көрген аудан әкімі мердігер компания өкіліне мектептің ашылу салтанатына дейін кемшілікті жоюды тапсырды. Түс ауа Мұқыр ауылдық округіне бағыт алған аудан басшысы ондағы әлеуметтік нысандар мен салынып жатқан құрылыс жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқандығын көзімен көрді. Артынша округ әкімі ғимаратында ауыл ақсақалдарымен кездесті. Онда ауыл тұрғындарының атынан сөз алған ауданның Құрметті азаматы Амангелді Сәрсембаев:
– Округтегі ең басты мәселе – мәдениет үйі. Алғашында құрылысы басталғанда бүкіл ауыл қуандық. Алайда, арты сиырқұйымшақтанып кетті. Жақында құрылысы қайта басталыпты. Енді құрылыстың дер уақытында бітуіне ықпал етсеңіз. Сосын округ әкімдігіне жаңа ғимарат керек. Әкімшіліктегі мемлекеттік қызметкерлер өте тар жерде жұмыс жасауға мәжбүр. Тағы бір өзекті мәселе – жарық. Біздің ауылда электр энергиясы өте әлсіз. Ал, кейде күшейіп кетеді. Сондай уақытта үйдегі тұрмыстық техникалар жанып кетеді, – деген пікір білдірді.
Бұл тұрғыда, аудан әкімі мәдениет үйінің құрылысы мен әкімдікке жаңа ғимарат салу мәселесін бақылауда ұстайтындығын, жарықты қалпына келтіру үшін аудан орталығынан қосымша трансформатор алдыруға жұмыстанатынын қаперге берді.